Қазақстанда қашықтықтан алуға болатын медициналық қызметтердің тізбесін кеңейту жоспарлануда. Денсаулық сақтау министрлігі қандай консультациялар мен диагностикалық зерттеулерді онлайн форматта жүргізуге болатынын айқындайтын, сондай-ақ мұндай қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейтін бұйрық жобасын әзірледі.
Құжат қашықтықтан медициналық көмек көрсету жүйесін дамытуды көздейді және денсаулық сақтау саласында заманауи цифрлық технологияларды пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Атап айтқанда, жобада алғаш рет қашықтықтан форматта көрсетілуі мүмкін медициналық қызметтердің тізбесі, сондай-ақ нәтижелерін дәрігер онлайн режимінде сипаттап, түсіндіре алатын диагностикалық зерттеулердің тізбесі бекітіледі.
Бұдан басқа, құжат телемедициналық қызметтерді көрсету кезінде қолданылатын технологияларды айқындап, оларды ұсыну шарттарын кеңейтеді.
Өзгерістер жоғары сапа мен қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, медициналық көмекті пациенттер үшін қолжетімдірек әрі ыңғайлырақ ету мақсатында енгізілуде. Бұл ретте жаңа нормалар дәрігердің қабылдауын толығымен алмастырмайды. Егер пациентке медициналық ұйымда қарап тексеру, тексеруден өту немесе емделу қажет болса, көмек бұрынғысынша дәстүрлі форматта көрсетіледі. Қашықтықтан медициналық қызметтер тек медициналық тұрғыдан рұқсат етілген және белгіленген талаптарға сай келетін жағдайларда ғана қолданылады.
Жаңартылған ережелер елдің барлық өңірінің, оның ішінде ауылдық елді мекендер тұрғындарының, қозғалысы шектеулі адамдардың, сондай-ақ динамикалық бақылауды немесе қайталама консультацияларды қажет ететін пациенттердің медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Жоба 18 тамызға дейін жария талқылау үшін "Ашық НҚА" порталында орналастырылған.