Жалған қайғысын пайдаланып, әйелдің үйі мен қомақты ақшасын иемденіп алған

Фото: pixabay
АҚШ-та 43 жастағы әйел алаяқтық жасағаны үшін 20 айға бас бостандығынан айырылды. Ол деменцияға шалдыққан қарт әйелдің сеніміне кіріп, оның мүлкін иемдену үшін өз баласының қайтыс болғаны туралы өтірік айтқан, деп хабарлайды Zakon.kz.

PEOPLE басылымының жазуынша, Уильямстаун қаласының тұрғыны Джессика Рассел электрондық байланыс құралдарын пайдалана отырып алаяқтық жасағаны үшін тағылған екі айып бойынша кінәсін мойындаған.

Қылмыс 2023 жылдың шілдесінде әшкереленген. Сол кезде өрт сөндірушілер Бартон қаласындағы үйді су басқаны туралы шақыртуға барған. Олар үйдің ішінен абдырап қалған, денесінде жарақаттары бар және антисанитариялық жағдайда өмір сүріп жатқан зейнеткерді тапқан.

Тергеу барысында Расселдің жәбірленушімен алғаш рет 2013 жылдың жазында танысқаны анықталған. Қарт әйелдің өз баласынан айырылғанын білген алаяқ оның жанашырлығын ояту және жақындасу үшін өзінің де сәбиі қайтыс болғанын айтып өтірік айтқан.

Уақыт өте келе алаяқ зейнеткердің үйіне көшіп келіп, оны "мама" деп атай бастаған. Сондай-ақ қарт әйелді туыстарынан толықтай оқшаулаған. Тіпті жәбірленушінің әпкелері онымен байланысқа шыға алмаған.

Әйелден сенімхат алған Рассел ортақ банк шотына қол жеткізіп, оның жинаған ақшасына үй мен автокөлік сатып алған. Алайда мүлікті өз атына рәсімдеген.

"Мұнан асқан арсыз әрі жойқын алаяқтықты елестету қиын. Джессика Рассел басқа адамның қайғысына ортақтасқандай кейіп танытып, оның мейірімділігін пайдаланды. Ол жеке қаржылық пайда табу үшін өзгенің жанашырлығын манипуляция құралына айналдырды", – деді АҚШ прокурорының бірінші орынбасары Джонатан Офардт.

Сот Расселді 20 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Ол жазасын дереу өтеуге тиіс. Сонымен қатар бостандыққа шыққаннан кейін үш жыл бойы бақылауда болады.

Бұдан бөлек, АҚШ-тың бас округтік судьясы Кристина Рейсс оған жәбірленушіге 84 420 доллар (шамамен 42 млн теңге) өтемақы төлеуді және қосымша 75 945 долларды (шамамен 37,8 млн теңге) тәркілеуді міндеттеді.

Айта кетейік, Вермонт штатының сотында әйелге қатысты зейнеткерге физикалық күш қолданды деген күдік бойынша тағы бір іс қаралып жатыр.

Ал Қарағандыда автокөлік қосалқы бөлшектерін сатамын деген желеумен ұзақ уақыт бойы жұртты алдап келген 35 жастағы ер адам ұсталды. Алаяқтың әрекетінен бүкіл ел бойынша 200-ден астам адам зардап шеккен.

АҚШ

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Мобильді интернеттің дамуы: 5G желісін пайдалану қарқыны артты

Димаш Құдайбергенді Чилиде жанкүйерлері ерекше ықыласпен қарсы алды

Игорь Лепеха ішкі істер министрінің орынбасары лауазымынан босатылды

Биыл 595 мың теңге, 2027 жылы 770 мың теңге – жүктілік пен босануға байланысты төлем қалай есептеледі

Қазақстандық әйелдер 2026 және 2027 жылдары декретке шыққанда қанша төлем алады