Армиялық қоян-қолтық ұрыстан Қарулы күштер чемпионатының қорытындысы шығарылды

Әскери-қолданбалы спорт түрлерінен Қарулы күштердің ХХ спартакиадасы аясында Ақмола облысы Щучинск қаласында Қорғаныс министрлігінің әскери колледжінің базасында армиялық қоян-қолтық ұрыстан чемпионат өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.


Оған Қарулы күштердің барлық әскер түрлері мен тектерінің, өңірлік қолбасшылықтарының және басқа да күштік құрылымдарының атынан 17 команда құрамында 132 спортшы қатысты. 

"Армиялық қоян-қолтық ұрысының негізгі элементтерін әрбір әскери қызметші білуге тиіс. Өйткені нағыз жауынгер кез келген оқиғада және қалыптасқан жағдайда, қарумен де, қарусыз да қарсыласқа қарсы тұра алуы керек. Қазіргі жарыстар спортшыларымыздың дайындық деңгейінің жоғары екенін көрсетті". Қорғаныс министрлігінің аппарат басшысы полковник Ербол Құмарбекұлы

Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте 32039 әскери бөлімінің құрамасы алтын жүлде олжаласа, күміс – "Шығыс" өңірлік қолбасшылығына, қола – Десанттық-шабуылдау әскерлеріне бұйырды.

Жеке біріншілікте 57 келіге дейінгі салмақта 32039 әскери бөлімінің әскери қызметшісі майор Аман Шәкіртов, 62 келіге дейін – Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жауынгері кіші сержант Айдын Нұридинов, 67 келіге дейін – Әуе қорғанысы күштерінің офицері аға лейтенант Жәнібек Сәбит, 73 келіге дейін – 32039 әскери бөлімінің намысын қорғаған майор Вадим Федосеев, 80 келіге дейін – 32039 әскери бөлімінен аға лейтенант Бақтияр Қожахметов, 88 келіге дейін – 32039 әскери бөлімінің сардары лейтенант Арман Ерменбет, 97 келіге дейін – Құрлық әскерлері әскери институтының 4 курс курсанты Есбол Досжан, 97 келіден жоғары – Құрлық әскерлеріне тікелей бағынысты бөлімнің жауынгері ефрейтор Еламан Қуатов жеңіс тұғырларынан көрінді.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: