Ақтөбеліктер мемлекеттік наградаларға ие болды

Республика күніне орай Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров ақтөбелік азаматтарға мемлекеттік наградалар табыстады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Салтанатты шараны ашқан облыс әкімі жиналғандарды Республика күнімен құттықтады.

Сурет: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

"25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы Декларация қабылданып, әлем картасында жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасы пайда болды. Осы күннен бастап біз шекарамызды шегендеп, көнеден жеткен дәстүрімізді, қастерлі мәдениетімізді, қасиетті тілімізді жаңғыртуға жол аштық". Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров

Өңір әкімі 2022 жылы Мемлекет басшысының ұсынысымен  Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылғанын баса атап өтті.

"Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке екендігін ерекше атап өтті. Бүгінде елімізде әділетті Қазақстанды құруға, саяси және экономикалық жүйелерін жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалар жүргізілуде. Қазақстан елді жаңғыртудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Қоғамдағы татулық пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымыз болып отыр", - деді Асхат Шахаров.


Сурет: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Өңір басшысы барлық келелі істер, өзгерістердің  табысты іске асырылуы –  әрбір қазақстандықтың нақты іс-әрекетіне байланысты екенін, бұл ұстанымға берік Ақтөбе облысының тұрғындары Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып келе жатқандығын тілге тиек етті.

"Отыз үш жылда облысымызда 400-ге жуық білім ошағы, 179 медициналық, 712 спорттық нысан салынып, халық рахатын көріп отыр. Биылғы жылдың өзінде Ұлттық жобалар аясында өңірде 20 мектеп,15 денсаулық сақтау нысаны салына бастады, жобалар 2025 жылға дейін іске қосылады", - деді әкім.

Оның айтуынша, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері облыста 13 млн 622 мың шаршы метр тұрғын үй салынды.

Сурет: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

"Жыл санап құрылыс жұмыстарының да қарқыны артып келеді. Оның ішінде әлеуметтік саланы дамытуда шағын және орта бизнес саласындағы жеке сектордың үлесі басым. Өңірде жаңа жолдар салынып, өндіріс орындары ашылып жатыр. Көгілдір отын, сапалы ауызсумен қамту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Ақтөбе облысы ірі өнеркәсіптік аймаққа, елдің батыс өңірінің мәдени, білім беру және ғылыми орталығына айналды. Бұл – сіз бен біздің бірлесе атқарған жұмысымыздың нәтижесі, тынымсыз еңбектің айқын көрінісі", - деп атап өтті Асхат Шахаров.

Салтанатты марапаттау рәсімі басталмас бұрын, облыс әкімі елордада Мемлекет басшысының қатысуымен өткен салтанатты рәсімде қазақ елінің мақтаныштары, жерлестеріміз Димаш Құдайберген мен Максим Самородов жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болғанын атап өтті.  

Сурет: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақтөбеде өткен мерекелік шара аясында облыстың 39 азаматына мемлекеттік наградалар табысталды. Олардың әрқайсысы елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосып жүр. Мемлекет басшысының Жарлығымен жоғары марапатқа ие болғандар III дәрежелі "Парасат", "Құрмет", "Еңбек Даңқы" ордендерімен, "Ерлігі үшін", "Жауынгерлік ерлігі үшін", "Ерен еңбегі үшін", "Шапағат" медальдарымен және Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды.

 

Ақтөбе
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: