Қазақстандық ЖОО-да оқитын шетелдік студенттердің саны 30 мыңға жетті

Қазақстандық жоғары оқу орындарында оқитын шетелдік студенттердің саны 30 мыңға жетті, деп хабарлайды Zakon.kz

Азаматтары Қазақстанға білім алу мақсатында келетін мемлекеттердің географиясы айтарлықтай кеңейді: АҚШ, Африка, Ресей, сондай-ақ Таяу Шығыс елдерінен келген студенттер санының өсімі байқалады.

Жалпы, білім алушылардың басым бөлігі (64%) ТМД елдерінен келген.

Қазақстандық университеттер түрлі халықаралық білім беру көрмелеріне белсенді қатысуда. Мәселен, осы жылдың қараша айында Бішкек (Қырғызстан) және Ташкент (Өзбекстан) қалаларында «Қазақстанның білім күндері» ұйымдастырылды. Осылайша, өзге елдердің азаматтары біздің жоғары оқу орындарымыз туралы білетін болады. Сонымен қатар университеттеріміз шетелдік студенттерге арнайы білім гранттарын бөледі. Шетелдік студенттер негізінен «Медицина», «Педагогикалық ғылымдар», «Бизнес, басқару және құқық», «Әлеуметтік ғылымдар» және тағы басқа бағыттарды таңдайды. ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев

Шетелдік азаматтар үшін стипендиялық бағдарлама іске асырылады. Ол ҚР Білім және ғылым министрлігімен 2019 жылы іске қосылды. Бағдарлама шеңберінде шетелдік студенттер үшін, оның ішінде ҚР азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарға гранттар бөлу қарастырылған. Стипендиялық бағдарлама іске қосылған алғашқы жылы конкурс бойынша үлгерімі жоғары 89 шетелдік азамат қазақстандық жоғары оқу орындарында тегін оқу мүмкіндігіне ие болды.

2021 жылы бұл көрсеткіш 2,5 еседен астам өсіп, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейі бойынша 240 грантқа жетті. Айта кетейік, биыл қазақстандықтар үшін гранттардың рекордтық саны, яғни 56 мың грант бөлінді.

Сонымен бірге қазақстандық жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде оқытылатын білім беру бағдарламаларының саны артқаны байқалады. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, жоғары оқу орындары шетелдерден білікті мамандарды да тартады. Олар қазақстандық жоғары оқу орындарының басшыларымен, оқытушыларымен тәжірибе алмасып, студенттерді жаңа технологиялар мен ғылыми зерттеу әдістемелеріне оқытады.

Сондай-ақ қазақстандық жоғары оқу орындары жылдан жылға халықаралық білім беру кеңістігінде өз орнын нығайтып келеді. Мәселен, QS рейтингіне 14 қазақстандық жоғары оқу орны, Times Higher Education рейтингіне – 3 университет кірді.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: