Қазір де, бұған дейін де біліктілік тестін, жалпы аттестация рәсімін алып тастау бойынша ұсыныстар өте көп түсетінін жасырмаймыз.Тестілеуді алып тастаймын десем, барлығы бөркін аспанға лақтырып қуанатыны белгілі. Бірақ бізге мұндай арзан пиар қажет емес. Қажеттісі – білім беру сапасы. Біз мұндай шешімдерді біреуге ұнау үшін, біреудің тілін табу үшін қабылдамаймыз. Біз елге қажет шешімдерді қабылдаймыз. Бұл – өте маңызды мәселе. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов
Осы ретте министр жас педагогтардың біліктілік тестіне қатысты мәселеге де тоқталып өтті. Оның айтуынша, дипломды жаңа алған отыз екі мың жас маманның азы ғана тиісті көрсеткішке жете алған.
Алдыңғы жылдан бастап университеттерді бітіріп, қолына диплом алған болашақ педагогтерден мемлекеттік мектепке немесе жалпы мектепке жұмысқа тұру үшін міндетті түрде тест алу туралы шешім қабылдадық. Педагогикалық бағыттар бойынша диплом алған отыз екі мың маманның тест тапсырғанда азы ғана тиісті деңгейге жетті. Бұл отыз екі мың студент бізге риза емес шығар. Бірақ бізге 3,6 миллион баланың болашағы маңызды. Сол сияқты ұлттық біліктілік тестілеу де, аттестация рәсімі де өте маңызды, өте қажет деп есептеймін. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов
Ведомство басшысының айтуынша, аттестация жалпы педагогтар үшін бес жылда бір рет өтетін рәсім. Аттестаттау рәсімі Кеңес одағынан бері бар. Алайда 2018 жылға дейін аталған рәсім бір ғана сатыдан тұрған. Оны тапсырған мұғалімдер категория бойынша 4 мың теңге, 8 мың теңге, 17 мың теңге үстемақы алып келген.
Біз он сегізінші жылдан бастап бұл жүйені өзгерттік. Өзгертілген жүйе екі сатыдан тұрады. Бірінші сатысы өзінің пәні бойынша мектеп бағдарламасына сәйкес тест тапсыру. Бұл тест мұғалімнің өз пәнін қаншалықты білетінін көрсетеді. Он сегізінші жылы енгізілген жүйеге сәйкес, қазіргі біліктілік тестін тапсырған мұғалімдер жалақысының отыздан елу пайызға дейінгі көлемде үстемақы алады. Бұл тетік мұғалімді біліктілігіне, білім деңгейіне сәйкес ынталандыру үшін енгізілді. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов
Білім министрі біліктілік тестін тапсыру кезінде қайтыс болған мұғалімнің жайын да сөз етті. Министрдің сөзінше, ол тесті қажеттілік болмаса да, өз еркімен барып таспырған.
Ол әріптесіміз өте білімді, білікті маман болды. Ол өзінің пәнін білетіндіктен және өзіне сенімді болғаннан кейін аттестация тапсыру қажеттігі болмаса да, өз еркімен жазылды. Тестілеуге барардың алдында, жақындарының айтуынша, өзін нашар сезінген. Жақындарының кейінге қалдыра тұр дегеніне қарамастан, тестілеуге барған. Жақындарына көңіл айттық. Тиісті көмек көрсетіледі.Асхат Аймағамбетов
Еске салсақ, Алматыда 14 сәуір күні біліктілік тестін тапсыру кезінде мұғалім қайтыс болған еді.