Қазақстан оқушылары математикадан IMO-2022 халықаралық олимпиадасында 6 медаль жеңіп алды

Ұлттық құрамамыз математикадан IMO-2022 халықаралық олимпиадасында 174 ұпай жинады. Оқу-ағарту министрінің айтуынша, бұл – еліміздің осы олимпиадаға қатысу тарихындағы рекордтық көрсеткіш, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бас педагог Асхат Аймағамбетовтың хабарлауынша, олимпиадаға қатысқан 6 оқушының барлығы да жүлделі орындарға ие болды. Олар 3 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды. Осылайша оқушыларымыз әлемдік есепте 17-орынға тұрақтады.

Жүлдегерлерді жеңісімен құттықтаймын! Сіздер елімізді халықаралық аренада лайықты деңгейде, абыроймен таныстыра білдіңіздер. Ақыл-ойларыңыз, қажырлы еңбектеріңіз, табандылық пен ізденімпаз қабілеттеріңіз, білімге деген талпыныстарыңыз жаңа жеңістерге жетелей берсін! Ұстаздарыңызға, әріптестеріме берген білімі мен тәжірибесі үшін, ал ата-аналарыңызға сіздерге көрсеткен қолдауы мен тәрбиесі үшін алғыс айтамын, – деп құттықтады Оқу-ағарту министрі Асхат аймағамбетов.

IMO – әлемдегі ең беделді пәндік олимпиадалардың бірі. Зияткерлік сайысқа 104 елден барлығы 589 оқушы қатысты, соның ішінде Қытай, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Ұлыбритания, Италия, Канада және тағы басқа елдер бар.

Министр президенттің тапсырмасы бойынша дәл осындай олимпиадаларда жүлде алған оқушылар мен олардың педагог-тәлімгерлеріне төлемдер белгілеп, оқушыларға ҰБТ-ны тапсырмай-ақ еліміздің ЖОО-ларына түсуге болатындай жағдай жасалғанын жеткізді.

Қазақстан Аймағамбетов Асхат
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: