Жыл басынан бері халықаралық олимпиадаларда 252 қазақстандық оқушы медаль иеленді

2022 жылдың басынан бері 252 қазақстандық оқушы негізгі пәндер бойынша халықаралық олимпиадаларда медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жас дарындар ел қоржынына 45 алтын, 78 күміс, 129 қола медаль әкелді. Олар математикадан қашықтан өткен халықаралық Азия-Тынық мұхиты олимпиадасы, математикадан халықаралық "Жібек жолы" олимпиадасы, математикадан Балқан олимпиадасы, химиядан оқушылар арасындағы халықаралық Менделеев олимпиадасы, физикадан Азия олимпиадасы (APhO), мамандандырылған мектептердің оқушыларына арналған математика, физика және информатикадан Халықаралық Жәутіков олимпиадасы сияқты беделді құрлықтық олимпиадаларда Қазақстанның намысын қорғады, деп хабарлайды QR Oqu-ağartu ministrlıgınin баспасөз қызметі.

"Осы жылы халықаралық пәндік олимпиадаларға қатысушылар саны 600 оқушыға дейін жетті. 27 оқушымыз өткен жылдардың рекордын жаңартып, ең беделді 7 халықаралық олимпиадада, атап айтқанда, IMO, IPhO, IBO, IOL, IchO және т.б. олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болды. Оқушыларымыз осы олимпиадаларға қатысу тарихында алғаш рет 73 млн теңгеден астам сыйақы алды. Сондай-ақ оларға отандық жоғары оқу орындарында оқу үшін гранттар берілді. Келесі жылы балаларға осындай қолдау көрсетілетін олимпиадалар тізімі 7-ден 14-ке дейін артады". Орта білім беру комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова

Айта кетсек, алтын медаль иеленген оқушыға 1,5 мың ең төменгі айлық есептік көрсеткіш (АЕК), күміс медаль алғанға – 1 мың АЕК, қола медаль үшін – 500 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақы беріледі. Оқушыларды зияткерлік жарыстарға дайындаған педагогтар да біржолғы сыйақымен марапатталады.

Суреті: ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: