Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің дерегіне сай, кейінгі 10 жылда мектеп оқушыларының контингенті 1 млн балаға өсті және бүгінде бала саны 3,7 млн-ға жетті. Ал урбанизация, көші-қон, мектеп ғимараттарының тозуы және жаңа құрылыс сияқты факторларды ескере отырып, көрсетілген 1 млн оқушыға, әсіресе қалаларда оқушы орындарына қосымша қажеттілік туындады.
Министр жаңа жоба туралы Facebook-тегі парақшасында жазды.
"Жоба өзінің ауқымы мен өзектілігі жағынан ерекше. Сонымен бірге оған ұқсас ешқандай жоба жоқ екенін атап өткім келеді. Ең бастысы, ол толығымен республикалық бюджеттен қаржыландырылған. Енді ұлттық жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде 2025 жылдың соңына дейін 842 мың оқушыға арналған жаңа, заманауи, жайлы мектептер ашылады".Асхат Аймағамбетов
Министр «Жайлы мектептің» алдыңғы жобалардан айырмашылығын айтты:
мектептер ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады;
бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды;
әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар болады;
балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр;
оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сонымен бірге кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылған;
мектептер физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады;
кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі;
ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалады;
спорт залдар мәселесі шешіледі;
Министрдің сөзінше, қазір 1 200 орындық мектептерде тек бір спорт зал бар. Ал таңғы сағат 8-ден кешке дейін дене шынықтыру сабағы бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізіледі.
"Жайлы мектептерде жобалық қуатына қарай бірнеше спорт зал болады", - деп жазды ведомство басшысы.
Сурет: facebook.com/askhat.aimagambetov
Сонымен бірге мектептер нысан құрылысын бақылайтын дирекцияның үйлестіруі арқылы салынады. Бұл шешім сатып алу рәсімдерінің мерзімін жеделдетуге және құрылыс сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жобада ішкі ғана емес, сыртқы инфрақұрылым да қарастырылған. Мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттарын алдын ала іске қосу, аялдамаларды дайындау, мектепке апаратын жолдарға жарық беру мәселелері де қатар шешілуі керек.
Жайлы мектептер салуда барынша ашықтық сақталуға тиіс. Еліміздің кез келген азаматы интерактив карта арқылы мектептердің қай жерде және қашан салынатынын бақылап, IP-камера арқылы құрылыс барысын онлайн қадағалай алады. Мектептерді салу, оларды қаржыландыру, күтіп ұстау, кадрларды іріктеу мәселелері заңнамалық тұрғыда әкімдіктердің құзырында болғандықтан, бұл ұлттық жоба әкімдердің дербес жауапкершілігін бекітуді көздейді.
Министрдің айтуына қарағанда, "Жайлы мектеп" жобасы өңірлер, қала мен ауыл арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты теңестіріп, білім сапасына әсер етеді. Жоба аясында мектептер бірауысымды жұмыс режиміне кезең-кезеңімен көше бастайды.