Қауымқастық 2021 жылдың соңында қыстау орнына жеткен үш дала қыраны туралы жазған еді. Қырандар Аман мен Сарыгүл Иранда, Айна Сауд Арабия елінде қыстап шықты.
Биыл көктемде үш қыран Қазақстанға сәтті оралды. Құстарымыз 20 ақпанда қоныс аудара бастады. Аман Иран, Түркменстан және Өзбекстанды ұшып өтіп, 3 наурызда Қазақстанмен шекараны Қызылорда облысында кесіп өтсе, Айна 20 наурызда келіп жетті. Сарыгүлдің таңбасы 17 ақпаннан уақытша дерек беруді тоқтатқанмен қайта іске қосылды. Қазір құстардың Қарағанды облысында қалықтауын байқадық. Олар тап сол өңірде ұяларынан ұшып, 2018 жылы таңбаланған еді. Таңба берген деректерге сүйенсек, құстар бұл маусымда ұяламаған, – деп хабарлады Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы.
Дала қырандары алғаш рет 3-5 жасында ұя салады. Оған дейін ұялайтын жер, серіктес қарастырып, тіпті кейде басқа жұп балапандарын азықтандыруға көмек береді.
Мамандар дала қырандарының ұя салу аймағында, қоныс аудару және қыстау кезінде біраз қатерге кезігетінін айтады. Олар Қазақстанда жиі электр жеткізу желілеріне тоққа түсіп мерт болса, жұмыртқасы мен салған ұясы дала өрті қаупіне ұшырауы ықтимал.
Қырандар ұшып өтетін елдерде де қауіп төнер жағдай көп. Мысалы, олар егістікті тыңайтатын және кеміргіштермен күресуде қолданылатын химиялық заттардың кесірінен уланып қалады. Сонымен қатар браконьерлердің қолына түсіп жатады. Сол себепті қоныс аудару барысында дала қырандарының тіршілікке қабілеті аса төмендегені байқалады, – деп жазды Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы.