«Адам қырғын». Қызылордалықтар қант алу үшін сағаттап кезекте тұруға мәжбүр

Жұрт қаладағы әлеуметтік дүкендерді таңертеңнен бастап төңіректейді. Онда да бір адамға беретіні - бір келі қант. Ал базарда қанттың бағасы "ұшып" тұр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қаладағы әлеуметтік дүкендердің алды күнде ығы-жығы адам. Басқа сауда орындарында қант тапшылығы жоқ. Бірақ, жұрт оны дәл осындай дүкеннен алғысы келеді.  Өйткені, базарда баға қымбат. Келісі - 500 теңге. Ал әлеуметтік дүкендерде бір келі қант 263 теңге тұрады. Сондықтан сұраныс жоғары. Халық сағаттап кезекке тұруға мәжбүр. Онда да бір адамға -1 келі қант. Алайда оның өзі біріне жетсе, біріне жетпейді, қалтасы бос қайтатындар көп, делінеді Астана телеарнасының арнайы сюжетінде.  

100 шақты адам жиналады күнде. Таңғы 8-ден 12-1-ге дейін. Кейбіріне жетпейді, қайтатын да күндер болады. Пенсиясы 70-80 мыңнан аспайды көпшілік халықтың. Сондықтан мына магазин тиімді халыққа. Қызылорда қаласының тұрғыны Жұмағали Көрпебаев
Көп болады адам, қырғын болады. 70 мың сом зейнетақы аламыз. 7 немерем бар. Жетпейді ғой қант. 1 кг қант не болады? Магазиннен алсақ қымбат қой. Қызылорда қаласының тұрғыны Дариға Уайдаева

Әлеуметтік дүкендерге өнім азық-түлік тұрақтандыру қорының қоймасынан жеткізіледі. Онда қанттан өзге, халық күнделікті тұтынатын 19 түрлі азық бар.  Алайда, шекердің өтімділігі жоғары болып тұр. «Күнделікті неше қап қант алғызсақ та қас-қағым сәтте жоқ болады», - дейді сатушылар.

Күніне 6-7 қаптан алған күндерім де болды. Халыққа жетпейді бұл нәрсе. Сосын қазір 3-4 қап қана аламын. Өйткені күнде бір халық алып жатқан. Бұл жерге 150-дің үстінде адам жиналады. Келіп кететіні бар және 100 адам тұратыны бар мына жерде күнде. Өткенде 7 қапты 1,5 сағатта тауысып бердік. Сатушы Бота Нәметова

Жауапты корпорацияның мәліметінше, бұған дейін қаладағы 36 әлеуметтік дүкенге күніне 500-700 келі  қант жеткізіліп келген. Ал қазір сұраныс өсіп, 2 тонна үлестіріледі екен. Алыпсатарлықты болдырмас үшін әр адамға 1 келі   ғана сатылады дейді. Қанша шектесе де, қордан берілетін арзан өнімнен   пайда тапқысы келгендер анықталған.

Әдейі өзіміз тексереміз, алыпсатарлық болмасын деп. Сондай ұсталып қалған кәсіпкерлер бар. Оларға айыппұл салдық, келісімшартты бұздық. 5 магазиннен сондай нәрсе анықталды, мысалыға. Қасындағы көрші тұрған дүкенге алып барып, мешокпен беріп жатқан. Халық барады сұрап, жаңа ғана таусылып қалды дейді. "Байқоңыр" Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы басшысының орынбасары Жеңісбек Ахметов

Тұрақтандыру қорында бұған дейін 80 тонна қант болған. Жыл басынан тағы 272 тонна тапсырыс беріліп,  оның жартысынан көбі жеткізілген. Соңғы келгенінің бағасы-324 теңге. Соған қарамастан қор есебінен әлеуметтік дүкендердегі бағаны тұрақты ұстап отырмыз дейді жауаптылар. Алайда, қанша көлемді шекер келсе де, халықтың шекесі шылқып отырғаны шамалы.

Қызылорда
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: