Шенділер Оралдағы әуежайдың шетелдікке сатылғаны туралы ақпаратқа қатысты түсінік берді

Күні кеше Оралдағы Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық әуежайдың ресейлік инвесторға сатылғаны туралы БАҚ-тарда ақпарат тарады. Осыған қатысты құзырлы орындар түсінік берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оралдағы Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық әуежай мемлекет меншігінде қала береді. Әуежайдың ұшу-қону жолағы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі комитетіне, ал әуежай ғимараты "Ақжайық" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына тиесілі. Әуежайдың ұшу алаңы мен жолаушылар терминалын салуға кезінде 12 миллиард теңге жұмсалған. Осыдан кейін әуежай былтыр көктемде 3 жылға жеке компанияның сенімді басқаруына берілді. Кейін олардың үлесін ресейліктер иеленеді, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

"Бұл - коммерциялық құпия. Ал әуежайды жөндеуге бөлінген 6 миллиард теңгені қалай қайтаратынын құрылтайшы өзі шешеді. Сенімгерлік басқаруға алған үш жылда қалай қайтаратынын өзі біледі". "Ақжайық" ӘКК АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Өтепбаев

Сала өкілдерінің сөзі әуежай мемлекет меншігінде қалады дегеннен аса алмады. Бір қызығы, құрылтайшылар бұл туралы оларды хабардар етпеген көрінеді. Дегенмен, ресми жауапты бірер аптадан кейін береміз деп сендірді.

"Біздің стратегиялық маңызы бар ұшу-қону жолағы және аэропорттың терминалы - мемлекеттің меншігінде. Ешкімге ешқайда сатылған жоқ. Сол себепті біздің тұрғындарға алаңдайтын ешқандай себеп жоқ. Егер үлестегі компаниялар өз үлестерін сататын болса, олар алдымен үкіметпен келісетін болады". БҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Меңеев

Айта кетсек, "Аэропорты регионов" УК қазақстандық серіктестерімен бірлесіп, "Орал "халықаралық әуежайы" ЖШС-ны сатып алу жөніндегі келісімшартқа отырды деген ақпаратты РБК агенттігі таратқан болатын.

Орал
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: