Қазақстан 2027 жылы мұнайдан қанша табыс түсіруді жоспарлап отыр
Фото: pixabay
2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын әзірлеу кезінде әлемдік экономиканың тұрақты әрі қалыпты қарқынмен өсуін, инфляцияның төмендеуін, қаржы және тауар нарықтарындағы жағдайдың тұрақтануын көздейтін базалық сценарий негізге алынған.
Алдағы орта мерзімді кезеңде ЖІӨ-нің орташа жылдық өсімі 5,4% болады деп болжанып отыр. Номиналды ЖІӨ 2027 жылғы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін өседі деп күтіледі. Жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 2027 жылы 7,5–9,5%, ал 2028–2029 жылдары 6–8% деңгейінде белгіленген.
"Мұнай секторындағы ұйымдардан Ұлттық қорға түсетін түсімдердің 2027 жылға арналған болжамы мұнай өндіру көлемі 96 млн тонна, әлемдік мұнай бағасы барреліне 70 доллар және АҚШ долларына шаққандағы теңге бағамы 480 теңге болады деген есеп негізінде жасалды. Түсім көлемі 3 трлн 781,8 млрд теңгені құрайды. Бұл — 2026 жылғы бағалаудан 342 млрд теңгеге аз. 2027 жылы трансферттерді есептемегендегі республикалық бюджет кірісі 19,9 трлн теңге көлемінде болжанып отыр. Бұл ағымдағы жылдың бағалау көрсеткішінің 116,4%-ына тең және 2,8 трлн теңгеге артық. 2028 жылы трансферттерді есептемегендегі республикалық бюджет кірісі 21,7 трлн теңге болады деп күтіледі. Бұл 2027 жылғы болжамнан 1,7 трлн теңгеге немесе 9%-ға көп. Ал 2029 жылы кіріс 23,3 трлн теңгеге жетіп, 2028 жылмен салыстырғанда 1,6 трлн теңгеге немесе 7,6%-ға өседі", – делінген қорытындыда.
2027 жылғы республикалық бюджет кірісінің басым бөлігін, яғни 98%-ын салық түсімдері құрайды. Оның ішінде қосылған құн салығының үлесі — 48,8%, корпоративтік табыс салығының үлесі — 31,8%. Салықтық емес түсімдер 377 млрд теңге, арнайы түсімдер 18 млрд теңге көлемінде белгіленген.
Трансферттерден түсетін қаражат көлемі 2027 жылы 5,5 трлн теңге, 2028 жылы 5,3 трлн теңге, 2029 жылы 4,9 трлн теңге болады деп болжанып отыр.
Ұлттық қордан берілетін трансферттер көлемі 2027 жылы 4,4 трлн теңге, 2028 жылы 3,9 трлн теңге, 2029 жылы 3,5 трлн теңге деңгейінде белгіленген.
2027–2028 жылдары кепілдендірілген трансферт көлемі жыл сайын 2,4 трлн теңгені, ал 2029 жылы 2 трлн теңгені құрайды. Бұл қаражат аса маңызды нысандар мен жалпыұлттық маңызы бар жобаларды қаржыландыруға бағытталады.
Бюджет шығыстарының басым бағыттары — мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін толық орындау және ғылымға, білім беру мен медицинаға қолдауды күшейту арқылы адами капиталды дамыту.
Республикалық бюджет шығыстарының жалпы көлемі 2027 жылы 30,2 трлн теңге, 2028 жылы 29,4 трлн теңге, 2029 жылы 29,6 трлн теңге болады деп жоспарланып отыр.
2027 жылы бюджет қаражатының негізгі бөлігі адами капиталға инвестиция салуға, әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға, денсаулық сақтау, білім беру және ғылымды дамытуға, мемлекеттік борышқа қызмет көрсетуге және өңірлерді қолдауға жұмсалады.
Бұған дейін Қазақстанның тоғыз өңірі кіріс жоспарын орындамағаны туралы жазған едік.