Компания сайтында нақтыланып өткендей, ҚР Энергетика министрлігі бекіткен мұнай тасымалы кестесіне сай, "ҚазТрансОйл" АҚ ақпан айында 20 мың тонна көлеміндегі қазақстандық мұнайды "Дружба" мұнай құбырымен "Адамова застава" мұнай бекеті арқылы әрі қарай Германияға жеткізеді.
2022 жылдың желтоқсан айында "ҚазТрансОйл" АҚ 2023 жылы 1,2 млн тонна қазақстандық мұнайды "Транснефть" ЖАҚ магистралды мұнай құбырымен "Адамова застава" мұнай бекеті арқылы Германияға жеткізуге өтінім берген болатын. Мұнайдың бұл транзиті Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы үкіметі арасындағы 2002 жылғы 7 маусымдағы келісім шеңберінде жүзеге асады.
Германия 2023 жылы "Дружба" мұнай құбыры арқылы қазақстандық мұнайды жөнелтуге өтінім бергені туралы 2022 жылғы 21 желтоқсанда белгілі болды.
2023 жылы 1 ақпанда ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Германияға 20 мың тонна көлемінде мұнайдың бірінші партиясын қаңтар айының соңында жіберу жоспарланғанын, бірақ бұл бағытта техникалық қиындықтар туындағанын айтты. Ол мұнайды жеткізу ақпанның бірінші жартысында жүзеге асырылатынын хабарлаған болатын.