Ел өңірлерінде жанар-жағармай құю станцияларында жанар-жағармай өткізуді шектеу фактілерінің жиілеуіне байланысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бұл әрекеттер монополияға қарсы заңнаманы бұзу екендігін еске салады.
"Кәсіпкерлік кодекс нарыққа қатысушылардың келісілген іс-әрекеттеріне және басым компаниялардың тауарды өткізуден негізсіз бас тарту жөніндегі іс-әрекеттеріне тыйым салады. Мемлекеттік органдар күн сайын жанар-жағармай құю станцияларында және сақтау базаларында мұнай өнімдерінің сатылуына мониторинг жүргізеді. Бағаның жоспарлы өсуіне қарамастан, кәсіпкерлік субъектілері ЖЖМ болған кезде оларды белгіленген бағалар бойынша уақтылы өткізу міндетті". БҚДА баспасөз қызметі
Сондай-ақ агенттік жанар-жағармайдың қалдық көлемі ұлғайғанда және жанар-жағармайды өткізуді шектеу кезінде жосықсыз кәсіпкерлерге қатысты шаралар қабылданатынын жеткізді.
"Монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекс аясында компания табысының 5% - на дейін айыппұл салуды көзделген", деп еске салады ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.
Қазіргі уақытта Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің аумақтық органдары заңнаманы бұзу белгілерінің болуы тұрғысынан жанар-жағармайды өткізуді шектеу фактілерін пысықтауда екендігі де нақтыланады.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі кәсіпкерлерді бәсекелестік заңнаманың талаптарын мүлтіксіз сақтауға және жанар-жағармайды толық көлемде игеруге шақырады.
Сондай-ақ азаматтардан жанар-жағамайды сатудан бас тартқан жағдайларда агенттіктің аумақтық бөлімшелеріне, ал белгіленген бағалар көтерілген жағдайда - Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің аумақтық бөлімшелеріне (телефон нөмірлерінің тізімі қоса беріледі) жүгінулері сұралады.
2023 жылы 5 сәуірде Алматыда кейбір бекеттер дизель отынын сатуға шектеулер енгізгені белгілі болды. Бұл ретте мегаполис әкімдігінде Алматының желілік жанар-жағармай құю бекеттері мен мұнай базаларында дизель отыны жеткілікті деп сендіреді. Кейбір жанар-жағармай құю бекеттерінде дизель отынының шектеулі көлемде сатылуы қала тұрғындарын, автобус парктері мен коммуналдық қызметтерді қамтамасыз ету мақсатында енгізілді.