Журналистер Премьер-министр Әлихан Смайыловтың Ұлытау және Жамбыл облыстары инвестиция тарту бойынша аутсайдер дегенін еске салды. Осыған байланысты олар аутсайдер-өңірлердің әкімдері қандай жауапкершілікке тартылатынын сұрады.
Әлібек Қуантыров мұндай ақпарат цифрлық кеңседе өткізілген инвестициялық штабта айтылғанын растады.
"Біз өңірлердің қалай инвестиция тартатынын қарастырдық, тек шетелдің ғана емес, ұлттық инвестицияларды да. Жоспарға сәйкес, биыл шамамен 18,5 триллион теңге тарту міндеті тұрғандықтан, біз индикаторды салалар бойынша саралап, өңірлерге шақтық. Жоспарда төрт айға белгіленген индикаторға, кейбір аймақтарда 52% қол жеткізілген. 60%-ға дейін - бұл қызыл аймаққа түсетін өңірлер", - деп түсіндірді Қуантыров.
Оның айтуынша, олар жыл соңына дейін бұл жұмысты күшейтіп, осы жағдайды түзетуі керек.
"Егер олар белгіленген көрсеткіштерді игермесе, тиісінше олар, қызметкерлері белгілі бір тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Заңнамада бізде жауапкершілік жағы қарастырылған, атап айтқанда, бұл тәртіптік болып келеді, егер мемлекеттік қызметкер, әкім кураторы өзінің мақсатты немесе басқа да индикаторын орындамаса, онда ол жауапкершілікке тартылуы, ескерту алуы мүмкін, теориялық тұрғыдан солай. Бірақ лауазымынан айыру екіталай, лауазымынан айыру, әдетте, өрескел бұзушылықтарда болады. Ал егер мемлекеттік қызметкер ескерту алып, онысына жарты жыл өтпесе, мәселен арада тек үш ай өтсе, онда қызметінен алу мәселесі қарастырылуы мүмкін", - деп сөзін түйіндеді ҰЭМ басшысы.
29 мамырда Премьер-министр төрт айдың қорытындысы бойынша 8 өңір инвестициялар тарту бойынша нысаналы индикаторларға қол жеткізбегенін атап өтті. Оның айтуынша, аутсайдерлер қатарынла Ұлытау (52%), Абай (64%) және Жамбыл (65%) облыстары бар.