Жанар-жағармай акцизі 14 теңгеге қымбаттайды ма? Энергетика министрлігі түсінік берді

Энергетика министрінің орынбасары Ерлан Ақкенженов ведомствода өткен брифинг барысында алда-жалда көлік салығы күшін жойған жағдайда Қазақстанда бензин акциздерінің қымбаттау ықтимал деген пайымға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ерлан Ақкенженов көлік салығының күшін жою ықтималдылығы туралы сұрақты экономикалық блокқа қойған дұрысырақ болатынын айтты. 

"Біз де бұл туралы естіп жатырмыз. Алғаш рет аталған құжатты электронды жүйеден көрдік, бірақ, өкінішке қарай, Ұлттық экономика министрлігіндегі әріптестерімізбен бұл жайында сөз болған жоқ. Жалпы, кез-келген салықты немесе басқа да міндетті төлемдерді белгілеу жайы Энергетика министрлігінің құзыретіне жатпайды... Әр литрге14 теңгеден қосылады дегенді естігенім бар, әбден мүмкін нәрсе. Өз басым бұл реттегі есеп-қисапты көрмедім, ондайды бізге ешкім ұсынбады", - деді ол.

Оның айтуынша, Энергетика министрлігі ҰЭМ ұсынысын әлі қарастырып, келіскен жоқ.

"14 теңге деген цифр бар, бірақ ол неге негізделгенін айта алмаймыз. Егер бажайлап қарасаңыздар, бағаның кез-келген өсімі, ол жанар-жағармай немесе басқасы болсын, әрине, халыққа ауыртпалығы бірден сезіледі. Біз мұны жақсы түсініп отырмыз. Біз барлық есептеулермен танысып, оны әбден тезден өткізген соң қандай да бір қорытынды жасауға болады. Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі біздің нарықтың тұтастығын және мұнай өнімдері бойынша ұсыныстардың жеткіліктілігін қолдайды. Біз жанар-жағармай өндірісі мен ұсыныстарының жеткілікті болуына баса назар аударып, осыған көбірек бас ауыртамыз", деп түсіндірді вице-министр.

11 қыркүйекте ҚР Ұлттық экономика министрлігі болашақта көлік құралдарына салынатын салықтың күшін жою туралы ұсыныс енгізгені хабарланған болатын. 

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: