Қазақстанда жылдық инфляция 10,8% баяулады – Ұлттық банк

Жылдық инфляцияның баяулауына қарамастан, айлық және базалық инфляция таргеттен жоғары қалпында қалды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Данияр Вагапов айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Жылдық инфляция 10,8%-ке дейін баяулады. Дегенмен бағаның өсуі екі таңбалы мәнде қалып отыр. Айлық инфляция өткен айдың деңгейінен және таргеттен жоғары қалыптасып, 0,7% болды. Бұл инфляцияға қарсы саясатты одан әрі жалғастыруды талап етеді", - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Ал азық-түлік инфляциясы жылдық мәнде 10,4%-ке дейін баяулады. Ал оның айлық мәні өткен айдағы 0,3%-тен 0,5%-ке дейін қарқын алды.

Азық-түлік тауарлары құрылымында қазан айында жұмыртқа, нан, жарма, қант және тәттілер, жаңа піскен жемістер мен ет бағасы өсті. Есесіне, ірімшіктің, жаңа піскен көкөністер мен күнбағыс майының бағасы түсті.

Қазан айында азық-түлікке жатпайтын инфляция жылдық мәнде 11,1%-ке дейін баяулады. Айлық мәнде өсім 0,8% болды. Қазан айында аудиовизуалды жабдықтар, отын, дәрі-дәрмек пен медицина жабдықтары, киім-кешек пен аяқкиім бағасы өсті. Ал тұрмыстық заттардың, жуу және тазалау құралдарының бағасы түсті.

Қазан айында ақылы қызметтер инфляциясы жылдық мәнде 11,0% болды. Ақылы қызметтердің айлық инфляциясы 0,8% болды.

Ақылы қызметтер арасында тұрғын үйді жалға беру қызметінің, шаштараз бен жеке қызмет көрсететін мекемелердің, қоғамдық тамақтану, тұрғын үй-коммуналдық қызметтерінің бағасы өсті.

Қазақстан ҚР Ұлттық Банкі
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: