Еліміздің азаматтық авиациясындағы тарихи оқиға ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 12 қарашада Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитінде өткен ИКАО Кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитаномен кездесуі аталады.
"Мемлекет басшысы ИКАО-мен 30 жыл бойы жемісті ынтымақтастықта Қазақстанның Ұйым стандарттарына сәйкестік деңгейі 82%-ға жеткенін, бұл жетекші еуропалық мемлекеттермен салыстыруға болатынын атап өтті", делінген хабарламада.
Жалпы, 2024 жылдың 10 айында қазақстандық әуе компаниялары 12,3 млн адамды тасымалдады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңінен (11,1 млн адамға) 11%-ға артық. Әуе көлігімен тасымалданған жүк көлемі 22,4 мың тоннаны құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңінен (19 мың тонна) 18%-ға артық.
"Бүгінгі таңда ішкі әуе тасымалы аптасына 669 рейс жиілігімен 57 бағыт бойынша 6 әуе компаниясымен (Air Astana, FlyArystan, SCAT, Qazaq Air, Southern Sky, Жетісу) жүзеге асырылады (2023 ж.: 5 авиакомпания, 51 бағыт, аптасына 630 рейс). Әлеуметтік маңызы бар бағыттардың көліктік қолжетімділігін қамтамасыз ету және ішкі туризмді дамыту мақсатында 9 облыстағы 19 ішкі әуе бағытына 6,6 млрд теңге субсидиялануда", деп нақтылайды ААК.
Халықаралық рейстер 31 елге (Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Грузия, Армения, Беларусь, Әзірбайжан, БАӘ, Сауд Арабиясы, Катар, Иран, Оман, Египет, Кувейт, Оңтүстік Корея, Қытай, Үндістан, Вьетнам, Таиланд, Моңғолия, Камбоджа, Малайзия, Мальдив аралдары, Түркия, Ұлыбритания, Германия, Италия, Нидерланды, Польша, Чехия) аптасына 571 рейс жиілігімен 115 бағыт бойынша жүзеге асырылады (2023 ж.: 28 ел, 115 бағыт, аптасына 550 рейс).
Әуе кемелері паркін кеңейту жұмыстары жалғасуда. 2024 жылдың басынан бері отандық әуекомпаниялардың әуе кемелері паркі 10 бірлікке толықты (Эйр Астана компаниялар тобы, А321 типті ұшақ).
"Жеке инвестициялар есебінен, бюджет қаражатын тартпай, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғырту шеңберінде Қызылорда және Алматы қалаларында жаңа жолаушылар терминалдарының құрылысы аяқталды, сонымен қатар Шымкентте де аяқталу сатысында".
Атырауда Хиуаз Доспанова атындағы әуежайында жаңа аэровокзал кешенінің құрылысы да жеке инвестиция арқылы, бюджет қаражатын тартпай, 2025 жылдан басталатын болады. 2024 жылдың қыркүйегінде Астана әуежайындағы ұшу-қону жолағын жөндеу мерзімінен бұрын аяқталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылы Павлодар және Балқаш әуежайларында жөндеу жұмыстары басталды.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында азаматтық авиацияны дамытуға үлкен көңіл бөлді. Ең маңызды міндет – әуе хабтарын дамыту. Ішкі әуе бағыттарын дамыту басты назарда. Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында жоғары сапалы жол инфрақұрылымы бар аэровокзал кешендері мен әуежайлар салынады. Шағын ұшақтар Индустрияны дамыту қоры есебінен сатып алынады.
"Еліміздің авиациялық билігінің авиациялық қауіпсіздіктің жоғары стандарттарын қамтамасыз етудегі күш-жігерінің нәтижесі деп Қазақстанның ең дамып келе жатқан туристік бағыттардың бестігіне енуін де атап өтуге болады. Британдық беделді Wanderlust туристік журналының мәліметі бойынша, Қазақстан әлемнің түкпір-түкпірінен туристер барғысы келетін елдердің бірі болып табылады".
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы жылы Еуропалық Комиссия, Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігі (EASA) сарапшыларының және Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің авиациялық билік органдарының техникалық сапарының қорытындылары және кездесу нәтижелері бойынша Еуропалық Комиссияның Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі комитетінің шешімімен Қазақстан ұшу қауіпсіздігін күшейтілген бақылаудан шығарылды. Қазақстандық әуе компаниялары Еуропаға шектеусіз ұша алады.
2024 жылдың тамызында Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасында тікелей әуе қатынасын ашу жұмысы аясында Қазақстанның авиациялық әкімшілігі АҚШ-тың FAA халықаралық авиациялық қауіпсіздікті бағалау (IASA) бағдарламасының алдын ала техникалық бағалауынан сәтті өтті. Қазақстан тарапынан FAA аудитін сәтті аяқтағаннан кейін және 2026 жылы алыс қашықтыққа ұшатын Boeing-787 Dreamliner ұшақтары келгеннен кейін Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейстер ашу жоспарлануда.
Осы жылдың мамыр айында Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып ИКАО-мен келісімге қол қойды және экологиялық таза авиациялық отын (ACT-SAF) саласындағы бағдарламаға қосылды. Қазақстанда экологиялық таза авиациялық отын шығарылатын болады. Қазір Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп, экологиялық таза авиациялық отын шығару жобасы әзірленуде.