Аудиторлық іс-шара Ауыл шаруашылығы министрлігін, оның жекелеген комитеттері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарын, "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ұлттық компаниясын, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын, "QazBioPharm" ұлттық холдингін, бейінді жоғары оқу орындары мен өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды қамтыды.
"Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2024 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің шығарылымы 8,3 трлн теңгеге жеткен, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 9% көп. Жалпы көлемнің ішінде өсімдік шаруашылығы өнімі 5 трлн теңге (60,2%), мал шаруашылығы өнімі 3,2 трлн теңге (39,6%) болды. Дегенмен жүргізілген мемлекеттік аудит республикадағы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуын тежейтін бірқатар мәселені анықтады. Олардың қатарында бағдарламалық құжаттардың арасында үйлесімділіктің болмауы, өзін-өзі қамтамасыз ету көрсеткіштерінің сақталмауы және азық-түлік қорларына мониторингтің жеткіліксіздігі сияқты проблемалар бар. Мәселен, негізгі азық-түлік тауарлары бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі әлі де 80%-ға жетпейді, ал қолданылып жүрген есептеу әдістемесі физиологиялық тұтыну нормаларын ескермейді. Азық-түлік қорларын есепке алу және бақылаудың автоматтандырылған жүйесі әлі де енгізілмеген, бұл мұндай тауарлардың бар-жоғы және қозғалысы туралы деректердің нақтылығына әсер етеді". Жоғары аудиторлық палата
Ведомство мәліметінше, ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздік бойынша да олқылықтар бар.
"Ветеринариялық зертханалардың 87%-дан астамы халықаралық стандарттарға сәйкестігі бойынша аккредиттелмеген. 396 млн теңгеден астам сомаға ветеринариялық препараттарды сатып алу рәсімдерін бұзу фактілері анықталды. 101 шекаралық өткізу пунктінің 24-і фитосанитариялық бақылаумен қамтамасыз етілмеген", делінген хабарламада.
Мемлекеттік аудиторлар ауыл шаруашылығының ғылыммен қамтылу деңгейінің төмен екенін де атап өтті. 2023 жылы бұл көрсеткіш ЖІӨ-нің небәрі 0,26%-ын құраған. Ғылыми зерттеу нәтижелерінің жеткілікті қолданыс таппауы саланың дамуын тежейді.
Жалпы аудит барысында 179 млн теңгеден астам бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланғаны және 66,2 млрд теңгенің тиімсіз пайдаланылғаны анықталды. Аудит нәтижесінде аудит объектісі тиісті шаралар қабылдап, мемлекет активтеріне 4,4 млрд теңге өтелді.
Жоғарғы аудиторлық палата ҚР Үкіметі мен аудит объектілеріне анықталған заңбұзушылықтар мен мәселелерді жою үшін қажетті ұсыныстар мен тапсырмалар берді.
Бұған дейін түрік инвесторы агросекторға 160 млрд теңге қаражат салатынын жазғанбыз. Бұл сомаға Астанада бидай мен бұршақты терең өңдейтін зауыт салынбақ.