Қазақстан экономикасының өсімі жеделдеді: өсімге қай салалар серпін беріп отыр

Фото: Zakon.kz
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2026 жылғы 14 шілдеде Үкімет отырысында Қазақстан экономикасының негізгі өсімін қамтамасыз етіп отырған салаларды атап өтіп, инвестициялық ахуалға баға берді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Министрдің айтуынша, биылғы қаңтар–маусым айларының қорытындысы бойынша экономиканың өсімі 4,1%-ды құрады. Бұл көрсеткіш қаңтар–мамыр айларымен салыстырғанда 0,4 пайыздық тармаққа жоғары.

"Оң динамика нақты сектордағы өсім қарқынының қаңтар–мамырдағы 4%-дан қаңтар–маусым қорытындысы бойынша 5,1%-ға дейін артуының есебінен қамтамасыз етілді. Қызмет көрсету саласында да тұрақты өсім сақталып отыр – көрсетілген қызмет көлемі 3,5%-ға ұлғайды. Экономиканың басты қозғаушы күші бұрынғыдай мұнайға жатпайтын сектор болып қала береді. Биыл бұл сектордың өсімі тұрақты түрде 5%-дан жоғары деңгейде сақталуда. Ең жоғары өсім құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік қызметтері және сауда салаларында байқалды. Аталған салалардың жалпы ішкі өнімнің өсіміне қосқан жиынтық үлесі шамамен 85%-ды құрайды", – деді Серік Жұманғарин.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы мен байланыс қызметтері салаларында да оң өсім сақталып отыр.

"Экономиканың өсіміне серпін беретін негізгі факторлардың бірі – инвестициялар. Биылғы бірінші жартыжылдықта негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 9,5 трлн теңгені құрап, 9,6%-ға өсті. Оның ішінде жеке инвестициялар 21,4%-ға артты. Инвестициялардың ең жоғары өсімі ақпарат және байланыс саласында – 2,3 есе, құрылыс саласында – 38,7%, өңдеу өнеркәсібінде – 33,3%, ауыл шаруашылығында – 24,6%, көлік саласында – 11,6% болды. Инвестициялардың айтарлықтай өсімі Ұлытау, Абай, Жамбыл және Түркістан облыстарында тіркелді", – деді Серік Жұманғарин.

Сонымен қатар министрдің айтуынша, негізгі капиталға салынатын инвестициялардың құрылымы өзгеріп келеді. Қазіргі таңда жеке инвестициялардың үлесі 87%-ды құрайды.

"Биылғы қаңтар–мамыр айларында сыртқы сауда айналымы 56,3 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішінде тауар экспорты – 30,4 млрд доллар, соның ішінде өңделген тауарлар экспорты – 11,8 млрд доллар. Импорт көлемі 26 млрд долларды құрады. Сауда балансының оң сальдосы сақталып, 4,4 млрд доллардан асты. Экономиканың негізгі өсім драйверлерінің бірі – өңдеу өнеркәсібі. Бұл саладағы өндіріс көлемі 9,8%-ға өсіп, қаңтар–мамыр айларындағы көрсеткіштен 0,8 пайыздық тармаққа жоғары болды. Өсім еліміздің 17 өңірінде тіркелді", – деп түйіндеді министр.

Бұған дейін 2026 жылы Қазақстан экономикасына 55 млрд теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланып отырғаны хабарланған болатын.

Қазақстан
Жұманғарин Серік
Астана

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

25 жыл түрмеде отырған қауіпті қылмыскер қайтадан күдікке ілікті

14 шілдеде қай өңірлерде қолайсыз ауа райына байланысты ескерту жасалды

Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енді: өзгерістер хронологиясы

Рыбакина Уимблдоннан кейін WTA рейтингінде қай орынға тұрақтады

2026 жылғы ауқымды рақымшылық – Тоқаев заңға қол қойды