Шетелде оқып жатқан докторант америкалықтарға қазақ тілін үйретіп жүр

Жұбанов университетінің түлегі Нұрсұлтан Асылов қазір Массачусетс штатындағы Массачусетс университетінде докторантурада оқиды. Қазір отандасымыз Америкалық студенттерге қазақ тілін үйретіп жүр. Ол шет тілдерін үйренуге бала күнінен қызығыпты.

Нұрсұлтан Асылов шетелде білім алуды армандаған. Қазір ол "PhD in education" 5 жылдық бағдарламасы бойынша білім алып жатыр. Бұл – тілдер мен мәдениеттерге ерекше көңіл бөлінетін білім беру саласындағы докторантура. Ол шетелде білім алып қана қоймай, шетелдік студенттерге қазақ тілін үйретіп жүр.

"Массачусетс университетінің лингвистика департаментінде жыл сайын еуропалық емес тілдерді оқыту бағдарламасы өткізіледі. Маған лингвистика факультетінің докторанттарына қазақ тілін үйрету ұсынылды. Мұнда Америка, Испания, Жапония және Қытайдан келген студенттер оқиды. Байқағаным, олар тілге ғылыми тұрғыдан қызығушылық танытады. Студенттерімнің қазақ тілін үйренуге деген ынтасы сонша, дәрістерден кейін де қалып жалғастырамыз. Олардың ешқайсы Қазақстанға келіп көрген жоқ. Сондықтан сабақта студенттерді еліміздің мәдениетімен таныстырамын. Америкада шет тілдерін үйренудің ерекше тәсілі бар. Мысалы, жаңа тілді меңгеруде бұрынғы тілдік тәжірибелеріне сүйенеді", - дейді ол.

Нұрсұлтан Асылов "Болашақ" бағдарламасы бойынша білім алып жатыр. Оқуы аяқталған соң елге оралуды жоспарлап отыр. Әлеуметтік желілердегі парақшасында оқырманына Америкадағы өмірі туралы, жетістіктері мен сәтсіздіктері жайында қызық контент ұсынады. Сонымен қатар шетелдік университетке түсуді армандайтын жастарға пайдалы кеңес береді.

Өзінің айтуынша, 15 жасында "25 жасыма дейін көп тіл үйренемін" деп мақсат қойған. Бүгінде ағылшын, түрік, қазақ және орыс тілдерін біледі және испан тілін үйреніп жүр.


Мектеп бітіргеннен кейін Жұбанов университетіне шет тілдер факультетіне оқуға түстім. Мамандығым – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. 2019 жылы университет бітіргеннен кейін Назарбаев зияткерлік мектебінде, қазақ-түрік лицейінде мұғалім болып жұмыс істедім. Білім беру жүйесіне деген қызығушылығым одан әрі оқуға деген құлшынысым арттырды. "Білім беру саласындағы көшбасшылық" бағдарламасы бойынша Назарбаев университетіне магистратураға түстім. Еуропадағы білім беру жүйесі қалай жұмыс істейді, еліміздегі білім саласына қандай шетелдік инновациялық тәсілдерді қолдануға болатынын зерттегім келді", - дейді Нұрсұлтан Асылов.
Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: