Саладағы соңғы жетістіктер өткен демалыс күндері Бейжіңде өткен коммерциялық аэроғарыш техникасының ірі көрмесінде таныстырылды. Соңғы екі айда көп мәрте қолданылатын зымыран технологиялары бағытында айтарлықтай серпіліс байқалған.
LandSpace компаниясының мәліметінше, 2025 жылғы 3 желтоқсанда Zhuque-3 (ZQ-3) зымыраны алғашқы орбиталық ұшуын сәтті жүзеге асырып, пайдалы жүктемені орбитаға шығарған. Сонымен қатар бірінші сатыны кері қайтару әрекеті де жасалған.
2026 жылдың қаңтарында Қытай коммерциялық зымырандарды теңізге қондыру арқылы қайтару технологиясын сынақтан өткізу үшін теңіздегі сынақ платформасын салуды бастады.
ZQ-3 зымыранының бас конструкторы Чжу Сяодун көрме барысында компания 2026 жылы Zhuque-3 зымыранының бірінші сатысын алғаш рет сәтті қайтаруды және оралған бөлшектерді ішінара қайта пайдалануды көздеп отырғанын мәлімдеді.
Зымыран-тасығыштар әзірлеумен айналысатын iSpace компаниясының өкілі Ян Ди көп мәрте қолданылатын және бір реттік зымырандарға кететін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың (ҒЗТКЖ) шығындарын талдады.
«Алдымен зымыранды орбитаға шығарып, кейін оны көп мәрте қолдану технологияларын әзірлеу - бірден орбиталық көп мәрте қолданылатын зымыран жасауға қарағанда қымбатырақ», – деп түсіндірді ол.
Ян Ди-дің айтуынша, iSpace биыл өзінің Hyperbola-3 атты көп мәрте қолданылатын зымыранының алғашқы ұшуын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Осылайша компания бұл технологияларды сынап жатқан кәсіпорындар қатарына қосылмақ.
Бұған дейін Apple компаниясы iPhone бағасын күрт көтеруі мүмкін екенін жазғанбыз.