South China Morning Post басылымының жазуынша, геологиялық барлау тобының деректеріне сәйкес, теңіз түбінен аса ыстық судың атқылауы нәтижесінде пайда болған кен құрамында құрлықтағы кен орындарына қарағанда алтын мен күміс көбірек. Бұл жаңалық Қытайдың бірнеше ғылыми мекемесі қатысқан бірлескен экспедиция барысында анықталған.
Теңіз түбіндегі бұл гидротермалды алқап — мұхит түбіндегі саңылаулардан ыстық әрі минералдарға бай судың атқылап шығатын аймағы. Мұндағы кен құрамында бағалы металдар ерекше жоғары мөлшерде кездеседі.
Атап айтқанда, күмістің ең жоғары концентрациясы кеннің бір тоннасында 1 килограмнан асады. Ал металдың орташа мөлшері құрлықтағы әдеттегі кен орындарындағы көрсеткіштен жоғары.
Зерттеу тобының құрамында Циндао теңіз геологиясы институты мен Шанхай Цзяотун университетінің ғалымдары да болды. Экспедиция 10 тамызда Шэньчжэнь қаласынан Қытайда жасалған алғашқы алып океанографиялық зерттеу кемелерінің бірі — "Сян Ян Хун 10" кемесімен жолға шыққан.
Бұл көпметалды шөгінділер теңіз түбінен аса ыстық, металдарға бай судың атқылап шығып, мұздай дерлік теңіз суымен араласуы нәтижесінде түзіледі.
Судың күрт салқындауы металдардың күкіртпен байланысуына әкеліп, олар қатты сульфидті минералдар түрінде шөгеді. Олардың құрамында негізінен мыс, мырыш және қорғасын болады, сондай-ақ алтын мен күміс те кездеседі.
Мемлекеттік БАҚ-тың хабарлауынша, кен орны Тынық мұхитының батыс бөлігіндегі Қытайдың айрықша экономикалық аймағы аумағындағы "доғааралық бассейнде" орналасқан. Алайда оның нақты координаттары жарияланбаған.