Депутаттар жағдай ушығып бара жатқан соң былтыр маусым айында мемлекет басшысының өзі интернет-алаяқтарға, қаржы пирамидасына қарсы қатаң шара қолдануды тапсырғанын еске салды. Amanat фракциясының мүшелері мына маңызды үш қадамды ұсынып отыр:
- Осыған байланысты, біріншіден, азаматтарға микроқаржы ұйымдары арқылы онлайн несие рәсімдеуге электронды үкімет базасында тыйым салудың мүмкіндігін тездетіп енгізу;
- Екіншіден, елімізде заңсыз лотереялардың, қаржы пирамидалары мен өзге де заңсыз қаржылық операциялармен күрес қалай жүргізілетінін түсіндіру;
- Үшіншіден, әлеуметтік желілерге кешенді тексеру жүргізіп, онлайн жарнаманы алаяқтық мақсатта пайдаланатын топтарды бұғаттау.
"Проблеманы қанша рет көтерсек те, мәселенің шешілетін түрі жоқ, керісінше жылдан жылға ушығып барады. Дабыл қағып отырғанымыз да сондықтан. Мәселен, соңғы 5 жылда аталған қылмыс түрі бес есеге өскен: 2018 жылы 4 287 факт анықталса, 2022 жылдың қорытындысы бойынша осындай 20 444 қылмыс тіркеліпті. Ал, биылғы жылдың алғашқы тоқсанының өзінде-ақ 4 687 интернет-алаяқтық қылмысы жасалған. Құқық қорғау органдары соның небәрі 23%-ның ғана бетін ашыпты. Соңғы 3 жылда келтірілген шығын 35 млрд теңгеден асып жығылды", - делінген депутаттар сауалында.
Бүгінде елімізде 239 микроқаржы ұйымы бар. Банктен несие рәсімдей алмаған аңқау халықты делдал-алаяқтар құрыққа оңай түсіріп, осындай ұйымдарға алып келеді. Тығырыққа тірелген адамның мойнына жүздеген пайыздық несие рәсімделеді. 2022 жылы банктен несие әперемін деген желеумен алаяқтар 3022 адамды сан соқтырыпты, биылғы үш айда 475 факт тіркелді.