Алматыда ұлттық валюта – теңге банкноталары мен монеталарының көрмесі өтеді
Экспозиция Ұлттық валюта – теңге күнін мерекелеуге орайластырылып отыр.
Ұлттық банктің мәліметінше, көрме Алматы қаласында Әл-Фараби даңғылы 36 мекен-жайында орналасқан "First Heartland Jusan Bank" АҚ ғимаратындағы JusanVibe арт-кеңістігінде өтеді.
Көрме 22 қарашаға дейін жалғасады. Көрмені 17 қараша (жексенбі) демалыс күнін қоспағанда, сағат 09:00-18:00 аралығында кез келген адам тамашалай алады.
Экспозицияның негізгі мақсаты – көпшілік аудиторияны ұлттық валюта – теңге тарихымен, «Сақ стилі» банкноталарының жаңа сериясымен, ҚҰБ инвестициялық және коллекциялық монеталарымен таныстыру.
Көрме кеңістігі екі аймақты қамтиды:
- теңге банкноталары аймағын
- ҚҰБ инвестициялық және коллекциялық монеталары аймағын.
Банкноталар аймағында көрмеге келушілер барлық сериядағы банкноталардың үлгілерімен танысып, теңгенің қалыптасу тарихын зерттей алады. Бұдан басқа, көрмеде "Сақ стилі" сериясының айналымға шыққан банкноталары – номиналы 5 000 және 10 000 теңгелік ақшалар ұсынылады.
Екінші аймақта ең айтулы сериялардың коллекциялық монеталары іріктелген. Онда алтыннан, күмістен және бағалы емес металдардан жасалған бірегей тұжырымдамасы мен дизайны бар монеталар ұсынылады.
Көрме экспонаттары еліміздің және оның ұлттық валютасының қалыптасуы мен даму барысына тән негізгі мәдени, саяси және тарихи кезеңдерді қамтып қана қоймай, халқымыздың салт-дәстүрін де бейнелейді.
Бұған дейін Ұлттық банк ескі үлгідегі 5 мың теңгелік банкнотқа байланысты хабар таратқанын жазғанбыз.