Ерұлан Жамаубаев жергілікті бюджет кірісі 109,2 пайызға орындалып, 5,7 трлн теңге болғанын мәлім етті. Жоспар 478 млрд теңгеге, оның ішінде салық 425 млрд теңгеге артық орындалды.
"Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 96,5%-ға, республикалық 98,3%-ға, жергілікті бюджеттер 95,6%-ға орындалды. Республикалық бюджет бойынша шығыс 20 трлн теңге болды. Орындалмағаны 336 млрд теңге. Оның 29 млрд теңгесі – үнемделгені. 307 млрд теңгесі игерілмеді", – деді Қаржы министрі.
Оның айтуынша, ең көп соманы мына министрліктер игермеген:
- ішкі істер;
- өнеркәсіп және құрылыс;
- төтенше жағдайлар;
- мәдениет және ақпарат.
"Жергілікті бюджет шығыстары 12 трлн теңге болды. Орындалмаған – 531 млрд теңге. Биыл өңірлерге 2 триллион теңгеге жуық нысаналы трансферттер қарастырылған. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша оларға 1 триллион 752 миллиард теңге бөлінді. Оның 89,8 пайызы игерілді. 179 млрд теңге орындалмаған, оның ішінде үнемделгені – 3 млрд теңге, игерілмеген – 176 млрд теңге. Ең көп игермеген Астана қаласында, Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында байқалды", – деді Қаржы министрлігінің басшысы.
Бұл ретте премьер-министр Әлихан Смайылов жыл соңына дейін екі апта уақыт қалғанын еске салды.