Сотта 2021 жылдың желтоқсанында ЖШС басшысы Көкшетау қаласының құрылыс бөлімімен екі тұрғын үйдің құрылысын аяқтау бойынша жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы 618 млн және 634 млн теңге сомасына келісім шарттар жасасқаны анықталды. Пәтерлер халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға арналған. 2022 жылдың мамырында ол нысандардың бірі бойынша 55 млн теңге алғанымен, құрылыс жұмыстарын бастамаған, оның үстіне екінші нысан бойынша жалған құжаттар негізінде аванс ретінде 225 млн теңге алған.
"ЖШС жұмыстарды ішінара орындап, орындалған жұмыстардың актілерін ұсынған. Алайда игерілмеген аванс сомасы 156 млн теңгені құраған. 2023 жылы ЖШС басшысы аванс мөлшерін ұлғайту мақсатында құрылыс бөліміне жалған құжаттар ұсынып, қосымша аванс алған. 2023 жылдың шілдесінде ол екінші нысан бойынша құрылыс жұмыстарын орындауды тоқтатқан. Ал алынған ақшалай қаражатты ЖШС-нің берешектерін өтеуге және жеке қажеттіліктеріне жұмсаған (олардың бір бөлігін Ақтау қаласындағы өзге міндеттемелер бойынша контрагенттер алдындағы берешектерді өтеуге аударып, қалған бөлігін қолма-қол ақшаға айналдырған). Осылайша, ол бюджет қаражатын жымқырған. Құрылыс бөліміне, яғни мемлекетке, жалпы сомасы 211 млн теңге материалдық залал келтірілген". Көкшетау қалалық сотының баспасөз қызметі
Аванс сомаларын өндіріп алу және ЖШС-ні мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен шығарылған сот шешімдері бар болғандықтан, азаматтық талап қойылмағаны да нақтыланады.
Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, беттестіру хаттамаларымен, аудиторлық есеппен, ақша қаражатының қозғалысы туралы құжаттармен, құрылыс нысандарының жай-күйі туралы мәліметтермен, ЖШС-ден аванс сомаларын өндіріп алу туралы сот шешімдерімен, сарапшылар мен мамандардың қорытындыларымен, сақтандыру компаниясының және мемлекеттік кредиттік бюроның жауаптарымен, сондай-ақ істің басқа да материалдарымен расталды.
Сот үкімімен ЖШС басшысы кінәлі деп танылып, оған 8 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ барлық меншік нысанындағы ұйымдарда материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан 8 жылға айырылды.
Сонымен қатар:
- ҚК-нің 385-бабының 3-бөлігі бойынша М. кінәлі деп танылып, қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды.
- Ал ҚК-нің 385-бабының 1-бөлігі бойынша кінәсі дәлелденбеуіне байланысты кінәсіз деп танылып, ақталды.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Астанада мемлекеттік кәсіпорынды тақырға отырғызған ЖШС басшысы сотталғанын жазғанбыз.