Ақылжан Баймағамбетов Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) Кавказ бен Орталық Азия бойынша Өңірлік экономикалық шолуының (REO) теңгеге қатысты тұсына түсініктеме бере кетті. Онда Қазақстан ұлттық валютасы нығайып жатқан елдердің қатарына жатқызылады.
"Ұлттық банк ұлттық валюта бағамына қатысты болжам жасамайды. Бірақ біз әрдайым өз сұқбаттарымызда ұлттық валютаның бағамына әсер ететін факторларды, оның неден туындағанын түсіндіріп отырамыз", – деді ол.
Оның айтуынша, биыл Қазақстан үшін сауда-саттық жағдайлары қолайлы қалыптасқан.
"Бұл біздің негізгі экспортымыздың барлық түрлері бойынша байқалады: мұнай, металдар, уран, астық бойынша да. Алтын да айтарлықтай үлкен позицияға ие болды: ол тікелей экспортталмаса да біз монетарлық бейтараптық ұстанымын ұстанғандықтан, бұл бағыттағы операцияларды шағылыстырып отырамыз және түсім ішкі валюта нарығына келіп түседі", – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Тағы бір фактор – компаниялардың шетел валютасымен қарыз алуы.
"Ол да импортты қаржыландыру үшін шетел валютасын сатып алу қажеттілігін ішінара бәсеңдетті. Бұл қалыптасқан бірқатар факторлар, соның нәтижесінде теңге табиғи жолмен нығайды", деп сөзін түйіндейді Ақылжан Баймағамбетов.
Бұған дейін Қазақстан қаржыгерлері 2027 жылғы доллар бағамының болжамын қайта қарағаны хабарланған болатын.