Мұнай бағасы күрт құлдырады: бұл Қазақстанға қалай әсер етеді

Добыча нефти, нефтедобыча, нефть, нефтяная скважина, нефтедобывающее оборудование, сурет - Zakon.kz жаңалық 11.11.2026 16:13 Фото: unsplash
Иран төңірегіндегі қақтығыстың бәсеңдеуіне қатысты күтулер аясында әлемдік мұнай бағасы күрт төмендеп жатыр. Негізгі мұнай маркаларының бағасы қаншалықты өзгерді және бұл үрдіс қазақстандық CPC Blend мұнай қоспасына қалай әсер етті? Zakon.kz материлында тарқатамыз.

Бағаның қысқа мерзімді өсуі жалпы құлдырауды тоқтата алмады

10 қарашада Brent маркалы мұнайдың бағасы 2026 жылғы тамыздан бері алғаш рет барреліне 90 доллардан төмендеді. Ал 11 қарашада таңертең 92,27 долларға дейін қайта көтерілді. Дегенмен бір күндік өсім алдыңғы апталардағы шығынды өтеуге әзірге жеткіліксіз.

Investing деректеріне сәйкес, бір аптада Brent бағасы 2,45%-ға, бір айда 11,86%-ға, ал алты айда 11,43%-ға арзандаған. Соған қарамастан, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда мұнай бағасы әлі де 41,65%-ға жоғары.

Бұл көрсеткіштер нарықтағы бағаның әр кезеңдегі өзгерісін көрсетеді. Соңғы бір айда айтарлықтай төмендеу болғанымен, мұнай бағасы бір жыл бұрынғы деңгейге, яғни барреліне шамамен 65 долларға дейін әлі түскен жоқ.

Соңғы бес жылдағы баға динамикасы да қазіргі 92 доллардың 2023-2025 жылдардағы көрсеткіштерден едәуір жоғары екенін көрсетеді.

АҚШ-тың WTI маркалы мұнайы да қайта қымбаттай бастаған. Oilprice деректерінің кейінгі жаңартылған нұсқасында 11 қарашада оның бағасы 0,69%-ға өсіп, 86,63 долларды құраған. Ал Brent 1,10%-ға қымбаттап, 92,50 долларға жеткен. Екі эталондық марка арасындағы айырмашылық барреліне 5,87 долларға дейін жетті.

Нарық мұнай жеткізілімінің қалпына келуін күтуде

Экономист Андрей Чеботарев мұнай бағасының күрт өзгеруін Дональд Трамптың Иранға қарсы жаңа соққылар жасаудан әзірге бас тарту жоспары туралы мәлімдемесімен байланыстырады. Қақтығыстың бәсеңдеуіне қатысты күтулер аймақтан мұнай жеткізілімі үзілуі мүмкін деген қауіптерді азайтады.

Саяси жағдаймен қатар нарықта мұнай ұсынысы да қалпына келе бастаған. АҚШ-тың Энергетикалық ақпарат басқармасы (EIA) қараша айындағы шолуында Сауд Арабиясының East-West мұнай құбыры қайта іске қосылғаннан кейін қазан айында Таяу Шығыстан экспорт көлемі артқанын атап өтті. Сонымен қатар Ормуз бұғазы арқылы тасымалданған мұнай көлемі де ұлғайған. Мұнайдың бір бөлігі Оман жағалауында басқа кемелерге тиелген.

Ведомствоның бағалауынша, Таяу Шығыста мұнай өндірудің мәжбүрлі қысқаруы қазан айында тәулігіне шамамен 2,5 млн баррельге дейін азайған. Ал мамырда бұл көрсеткіш тәулігіне 10,9 млн баррель болған.

Сонымен қатар мұнай тасымалына қатысты тәуекелдер сақталып отыр. EIA мәліметінше, Таяу Шығыс пен Қара теңіздегі танкерлерге жасалған шабуылдар тасымал үдерісіне кедергі келтіріп, кемелердің қолжетімділігін азайтып, жалдау құнын арттырып отыр. Сондықтан саяси келісімге қол жеткізу мұнай жеткізу құны мен мерзімінің бірден қалыпқа келетінін білдірмейді.

Мұнайдың барлық маркасы арзандап жатыр

Бағаның төмендеуі экспорттаушылар жеткізетін физикалық мұнайға да әсер етті. Oilprice сайтында жарияланған соңғы бағалауларға сәйкес:

  • Ирактың Basrah Heavy маркасы 11,57%-ға арзандап, барреліне 45,64 доллар болды;
  • Анголаның Cabinda маркасы 8,95%-ға төмендеп, 72,56 долларды құрады;
  • Нигерияның Brass River маркасы 7,09%-ға арзандап, 93,41 долларға жетті;
  • Сауд Арабиясының Arab Light маркасы 3,03%-ға төмендеп, 82,55 доллар болды.

Бұл көрсеткіштер мұнай маркаларының бағасы әртүрлі деңгейде өзгергенін көрсетеді. Айта кетейік, физикалық мұнай жеткізілімдерінің бағасы кешігіп жарияланады. Oilprice аталған маркалар бойынша деректердің бір күндік кешігумен берілетінін көрсеткен.

Қазақстандық мұнай баррелінің бағасы 100 доллардан жоғары

Cbonds деректеріне сәйкес, 10 қарашада қазақстандық CPC Blend экспорттық мұнай қоспасының бағасы барреліне 109,83 долларды құрады. Oilprice сайтында жарияланған соңғы өзгеріс бойынша баға 6,18 долларға немесе 5,33%-ға төмендеген. Демек, бұған дейінгі көрсеткіш 116,01 доллар болған.

Қазан айында CPC Blend бағасы 134,44 долларға дейін жеткен. Содан бері мұнай қоспасы барреліне 24,61 доллар немесе 18,3% арзандады. Қазандағы орташа баға 127,23 доллар болған. Қазіргі баға осы көрсеткіштен 13,7%-ға төмен.

CPC Blend бағасының графигі 2026 жылы екі рет қымбаттау кезеңі болғанын көрсетеді. Көктемдегі күрт өсімнен кейін маусым-шілде айларында баға төмендеген. Қыркүйекте қайта қымбаттау басталып, қазан айында көктемгі ең жоғары көрсеткіштерге жақындаған. Алайда қарашадағы құлдырау бұл өсімді тоқтатты. Соған қарамастан, соңғы баға жыл басындағы және жаздағы ең төменгі көрсеткіштерден әлі де жоғары.

Салыстыру үшін, Әзербайжанның Azeri Light маркасы 4,72%-ға арзандағаннан кейін барреліне 124,83 доллар болды. Ақшалай мәнде оның бағасы да CPC Blend сияқты 6,18 долларға төмендеген.

Қазақстанның кірісі тек мұнай бағасына байланысты емес

Қазақстан бюджетіне келетін болсақ, экспорттық шикізат бағасының төмендеуі аса қауіпті емес, бірақ жағымсыз жағдай, деп есептейді Руслан Сұлтанов.

"Қазақстан үшін бұл мұнай экспортындағы баға жағдайының алдыңғы аймен салыстырғанда қолайсыз күйде қалатынын білдіреді", – дейді Руслан Сұлтанов.

Сонымен қатар мұнай бағасының өзгеруімен қатар экспорттық жеткізілім мүмкіндіктері де нәтижеге әсер етеді.

Каспий құбыр консорциумының (КҚК) ресми деректеріне сәйкес, жыл басынан 25 қыркүйекке дейін оның теңіз терминалы арқылы шамамен 50 млн тонна мұнай жөнелтілген. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 млн тоннаға аз. Тиелген танкерлер саны да 453-тен 397-ге дейін қысқарған. Бұл көрсеткіштерге қазақстандық және ресейлік мұнайды қоса алғанда, КҚК арқылы тасымалданатын барлық мұнай көлемі кіреді.

Консорциум мұндай төмендеуді 2025 жылы теңіздегі айлақ құрылғысында болған оқиғаның салдарымен, бірінші тоқсанда "Теңізшевройл" компаниясы жеткізілімдерінің азаюымен, Новороссийск маңындағы дабылдардың жиі әрі ұзақ берілуімен және қолайсыз ауа райымен түсіндірген.

Соған қарамастан, Қазақстанның 2026-2028 жылдарға арналған бюджетін қалыптастыру кезінде негізге алынған базалық болжамда әлемдік мұнай бағасы барреліне 60 доллар деп белгіленген. Ал Brent маркасының 92,27 долларлық бағасы бұл межеден шамамен 54%-ға жоғары.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: