Мұнай арзандайды, ЖИ триллиондаған доллар инвестиция тартады: бұл Қазақстанға қалай әсер етеді

Фото: pixabay
Қазақстан әлемдік экономиканың ажырамас бөлігі болғандықтан, жаһандық нарықтардағы өзгерістер елімізге де әсер етпей қоймайды. Сарапшылардың болжамына сәйкес, 2027 жыл қандай мүмкіндіктер мен тәуекелдер әкелуі мүмкін? Бұл мәселені Zakon.kz тілшісі зерделеді.

Әлемдік экономика қарқын алады, бірақ барлық ел бірдей өсім көрсете алмайды

2027 жылы әлемдік экономика 2,8%-ға өседі деп болжанып отыр. 2026 жылы бұл көрсеткіш 2,7% болған. Мұндай болжамды америкалық Goldman Sachs инвестициялық банкі 13 қарашада жариялаған "Global Macro Outlook: Steady Baseline, Downside Risks" (Әлемдік макроэкономикалық болжам: тұрақты базалық сценарий және жағдайдың нашарлау тәуекелдері) атты баяндамасында ұсынды.

Сарапшылар әлемдік экономикалық ахуал әркелкі болады деп күтеді. Банктің бағалауынша, АҚШ экономикасының өсімі 2,3%-дан 2,4%-ға дейін жеделдейді. Ал Еуроаймақта керісінше, өсім 1%-дан 0,9%-ға дейін баяулайды. Әсіресе Франция мен Италияда көрсеткіш төмен болады деп болжануда. Атап айтқанда, бұл елдердегі экономикалық өсім тиісінше 0,1% және 0,5% деңгейінде болмақ.

Қытай экономикалық өсімі сәл баяулағанымен, салыстырмалы түрде жоғары қарқынды сақтайды. Үндістанда бұл көрсеткіш 7,9%-дан 7,2%-ға дейін төмендегеніне қарамастан, ел әлемдегі ірі экономикалардың арасында ең жылдам дамып келе жатқан мемлекеттердің бірі болып қала береді.

Экономистердің есебінше, Қазақстан да экономикалық дамуын жалғастырады. Мұны Халықаралық валюта қорының 2027 жылға арналған болжамы да растайды.

Мұнай бір айда құнының алтыдан бір бөлігін жоғалтты

Мұнай нарығында айтарлықтай өзгерістер байқалып отыр. Investing.com мәліметінше, 17 қарашадағы жағдай бойынша Brent маркалы мұнай фьючерстерінің бағасы барреліне 91,70 долларды құрады. Соңғы 30 күнде мұнай бағасы 16,54%-ға, яғни шамамен 18 долларға арзандаған. Қазан айының соңында оның бағасы 115 доллардан асқан еді.

Goldman Sachs мұндай төмендеу үрдісі жалғасады деп күтеді.

Банктің қарашадағы болжамына сәйкес, 2027 жылдың соңына қарай Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 78 доллар болады. Бұл қазіргі деңгейден шамамен 15%-ға төмен.

Мұнай сатып алатын елдер үшін энергия ресурстары бағасының арзандауы өндіріс пен тасымалдау шығындарын азайтады. Сондай-ақ бұл тұтынуды қолдап, инфляцияның баяулауына ықпал етуі мүмкін. Ал экспорттық кірісінің едәуір бөлігін мұнай сатудан алатын Қазақстан үшін салдары керісінше болуы ықтимал.

Экономист Руслан Сұлтановтың пікірінше, мұндай үрдіс экономиканы басқару тәсілдерін қайта қарауды талап етеді.

"Brent маркалы мұнай бағасы төмендеген жағдайда экспорттық түсім мен бюджет кірісіне түсетін қысым күшеюі мүмкін. Сондықтан мұнайға қатысы жоқ кірістерді арттыру мен мемлекеттік шығыстардың тәртібін сақтау маңызды бола түседі", – дейді Руслан Сұлтанов.

Айта кетейік, Қазақстанның 2027 жылға арналған республикалық бюджет жобасында мұнайдың бір баррелі 70 доллар деп белгіленген. Бұл Goldman Sachs келесі жылдың соңына қарай болжайтын 78 доллардан 8 долларға немесе 11,4%-ға төмен.

Жасанды интеллектке 700 млрд доллар инвестиция салынады

Мұнай нарығында баға төмендеп жатқанда, технологиялық сектор жаңа инвестициялық рекордқа дайындалуда. Goldman Sachs болжамы бойынша, жасанды интеллект саласына әлемдік инвестиция көлемі 2026 жылғы 1,1 трлн доллардан 2027 жылы 1,8 трлн долларға дейін өседі. Бұл шамамен 64%-ға артық.

Қосымша шығындардың басым бөлігі есептеу жабдықтарын сатып алуға жұмсалады. Тек АҚШ-тың өзінде осы бағыттағы инвестиция 500 млрд доллардан астам сомаға өседі.

Goldman Sachs бағалауынша, жасанды интеллектке жұмсалатын шығындардың әлемдік жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсіміне қосатын үлесі 0,4 пайыздық тармақты, ал АҚШ экономикасындағы үлесі 0,6 пайыздық тармақты құрайды.

Сонымен қатар банк сарапшылары технологиялық серпінді екі кезеңге бөледі. Бірінші кезеңде компаниялар жабдықтар мен инфрақұрылымға қомақты қаржы салып, инвестициялық белсенділікті арттырады. Екінші кезеңде технологиялар еңбек өнімділігін айтарлықтай көтеріп, сонымен бірге жұмыспен қамту құрылымын өзгерте бастайды.

"Еңбек нарығына айтарлықтай әсері 2028-2029 жылдары байқалады деп күтілуде", – делінген Goldman Sachs болжамында.

Қазақстан үшін де жасанды интеллект саласындағы әлемдік инвестициялық серпінге қатысу нақты сипат ала бастады. Бұған дейін жазғанымыздай, Екібастұзда жалпы жобалық қуаты 1 ГВт-қа дейін жететін "Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы" салынып жатыр. Алғашқы нысанды 2027 жылы іске қосу жоспарланған. Оны электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін қуаты 215 МВт қосалқы станция да сатып алынған.

Алайда әзірге еліміздің энергетикалық мүмкіндіктері шектеулі. 28 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда өндірілетін 123 млрд киловатт-сағат электр энергиясы ауқымды цифрландыру мен деректерді өңдеу орталықтарын салуға жеткіліксіз екенін мәлімдеген болатын. Үкіметке 2029 жылға қарай тұрақты энергетикалық профицитке қол жеткізу міндеті қойылды. Осылайша, технологиялық инвестицияларды тарту перспективасы электр энергиясын өндіру көлемін арттыру мен электр желілерін жаңғыртуға тікелей байланысты.

Қытай экспорт көлемін арттырады

Goldman Sachs болжамынша, Қытай экономикасының өсімі 2026 жылғы 4,6%-дан 2027 жылы 4,5%-ға дейін баяулайды. Айырмашылық небәрі 0,1 пайыздық тармақты құрайды. Алайда Қытайдың экономикалық белсенділікті қандай жолмен сақтап қалатыны әлдеқайда маңызды.

Банктің бағалауынша, жылжымайтын мүлік нарығындағы мәселелер мен тұтынушылық шығындардың жеткілікті өспеуіне байланысты ішкі сұраныс әлсіз болып қала береді. Сонымен қатар Қытай кәсіпорындары экспорт көлемін ұлғайтуды жалғастырады. Ал сыртқы саудадағы оң сальдо одан әрі артады.

Goldman Sachs есебінше, мұндай экономикалық модель әлемнің басқа елдеріндегі экономикалық өсімді шамамен 0,1 пайыздық тармаққа баяулатуы мүмкін. Германия үшін кері әсер 0,3 пайыздық тармақ, ал Орталық Еуропа елдері үшін 0,2 пайыздық тармақ деңгейінде бағаланып отыр.

"Қытай өнеркәсібі әлемдік нарықтарда тек арзан тұтыну тауарларын өндіруде ғана емес, технологиялық жағынан күрделі салаларда да бәсекелестікті күшейтіп келеді. Бұл автомобильдерге, жабдықтарға, электроника мен қосалқы бөлшектерге қатысты", – делінген Goldman Sachs есебінде.

Қазақстан үшін мұның салдары екіжақты болуы мүмкін. Бір жағынан, Қытай экономикасы шикізатқа деген сұранысын сақтайды, ал экспорт көлемінің артуы Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік тасымалдарға оң әсер етуі мүмкін. Екінші жағынан, отандық кәсіпорындар өндірістік қуаты орасан зор әрі жеткізу жүйесі жақсы дамыған қытайлық өндірушілермен бәсекелесуге мәжбүр болады.

Анықтама. Goldman Sachs – 1869 жылы АҚШ-та құрылған әлемдегі ең ірі әрі ықпалды инвестициялық банктердің бірі. Штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан. Банк активтерді басқару, инвестициялау және ірі қаржылық мәмілелерді ұйымдастырумен айналысады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша оның таза кірісі 58,3 млрд долларды, ал таза пайдасы 17,2 млрд долларды құрады. Басқаруындағы және бақылауындағы клиенттік активтер көлемі 3,6 трлн долларға жетті.

Goldman Sachs компаниясы Goldman Sachs Research аналитикалық бөлімшесінің арқасында да кеңінен танымал. Бұл бөлімше әлемдік экономиканың, жекелеген елдер мен тұтас өңірлердің даму болжамдарын тұрақты түрде жариялап отырады. Оның болжамдары халықаралық инвесторлар, ірі корпорациялар мен түрлі елдердің үкіметтері үшін маңызды бағдар саналады.

Қазақстан
Қытай

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Тоқаев мәслихат сайлауына қатысты тапсырма берді

Сабақтан қалу ерекше бақылауға алынады: Қазақстанда 21 қарашадан бастап жаңа ережелер енгізіледі

Атырау тұрғыны смарт-сағат үшін жанжал шығарып, үш жылға сотталды

Студент қыз сегізінші қабаттан құлап, аман қалды

Ренат Айтаев президент Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды