Депутат 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға арналған салық режимі азаматтарға табыстарын заңдастыруға және әлеуметтік қорғауға ие болуға мүмкіндік беретінін, алайда оның жекелеген талаптары жұмыстың нақты жағдайларын ескермейтінін атап өтті.
Осыған байланысты ол жұмысшыларға түсетін жүктемені азайту мақсатында Салық кодексінің кейбір ережелерін қайта қарауды ұсынады.
"Салық кодексінің 718-бабына сәйкес, бұл режимді қолдану үшін өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтың ай сайынғы табысы 300 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспауы тиіс. Алайда бұл талап туризм, құрылыс, тұрғын үйді жөндеу, жолаушылар тасымалы және аумақтарды абаттандыру сияқты маусымдық қызмет түрлерінің ерекшелігін ескермейді. Осындай салалардың көбінде азаматтар негізгі табысты жылдың тек бірнеше айында ғана табады. Мысалы, жазда тапсырыс саны айтарлықтай артуы мүмкін, ал қыста жұмыс көлемі азаяды, тіпті кейде мүлде болмайды", – деді Олжас Нұралдинов.
Ол осының салдарынан маусым кезінде көбірек жұмыс істеп, табыс таба алатындар арнайы салық режимінен айырылып қалмас үшін өз жұмысын әдейі тежеуге мәжбүр болатынын айтады.
"Мысалы, бір азамат ай сайын 500 мың теңге тауып, бір жылда 6 миллион теңге алады. Ал тағы басқа біреу төрт айда ай сайын 1,5 миллион теңгеден табуы мүмкін. Оның да жылдық табысы 6 миллион теңгені құрайды. Алайда белгіленген айлық лимиттен асып кеткені үшін екінші азамат бұл салық режимі қолданысы мүмкіндігінен айырылады. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, "Ақ жол" фракциясы 300 АЕК мөлшеріндегі қолданыстағы айлық шектеуді 3 600 АЕК мөлшеріндегі жылдық лимитпен алмастыруды ұсынады. Бұл ретте ұсынылып отырған өзгеріс жалпы жылдық табыс шегін ұлғайтуды көздемейді. Сонымен қатар бұл азаматтарға табыстарын жасанды түрде шектеуге мәжбүр етпей, емін-еркін табыс табуға мүмкіндік береді", – дейді депутат.
Сондай-ақ ол бүгінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың көбі цифрлық платформалар арқылы қызмет көрсетіп, күн көріп жүргенін еске салады.
"Мысалы, "Яндекс Go" платформасының комиссиясы кейбір жағдайларда тапсырыс құнының 23 пайызына жетеді. Бұл қаражатты платформаның өзі ұстап қалады, яғни ол жүргізушіге немесе курьерге нақты түспейді. Мұндайда азаматтың нақты алмаған қаражатын оның табысы ретінде есептеу қаншалықты дұрыс деген заңды сұрақ туындайды? Біздің ұсынысымыз мынадай: комиссияны платформаның өзі ұстап қалуы тиіс, ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтың табысы комиссия ұсталғаннан кейін оның қолында нақты қалатын сома негізінде есептелуі керек. Осыған байланысты "Ақ жол" демократиялық партиясы көрсетілген мәселелерді жан-жақты қарастырып, оларды шешу бойынша тиісті шаралар қабылдауды сұрайды", деп сөзін түйіндеді Олжас Нұралдинов.
Бұған дейін депутат Александр Данилов интернеттегі көріпкелдерге қатысты заңға қандай өзгерістер енгізілгелі жатқанын айтқан болатын.