Кедей елдер бай елдерді қуып жете ме?
2010-2025 жылдар аралығында Еуропалық одақ тұрғындарының инфляцияны ескергендегі табысы 25,4%-ға өсті. Есептеу кезінде халықты табысы ең төмен деңгейден ең жоғары деңгейге дейін орналастырғанда дәл ортада тұрған адамның табысы негізге алынған. Алайда Eurostat жариялаған деректер табыстың өсуіне Еуропаның ең ірі экономикалары емес, басқа елдер үлес қосқанын көрсетеді.
Бұл көрсеткіш бойынша Румыния көш бастады. Онда табыс 160,2%-ға өскен. Яғни ел тұрғындарының медианалық табысының сатып алу қабілеті 2,6 есе артқан. Ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген елдердің қатарында Литва, Латвия, Болгария және Польша да бар. Шығыс Еуропаның көптеген мемлекетінде табыс өсімі екі есеге жуықтады немесе одан да жоғары болды.
Ал құрлықтағы ең дамыған елдерде жағдай мүлде басқаша қалыптасты. Германия, Италия, Испания және Финляндияда табыс өсімі біршама баяу болды. Францияда соңғы 15 жылда бұл көрсеткіш 0,6%-ға төмендеген.
Неліктен табыс деңгейі салыстырмалы түрде төмен Румыния Германиядан әлдеқайда озып кетті? Мұның бір себебі – төмен базаның әсері. Бастапқы табыс деңгейі төмен елдерде пайыздық көрсеткіш бойынша айтарлықтай өсім көрсету оңайырақ. Бірақ мұнымен ғана шектелмейді. Шығыс Еуропа елдері Еуропаның бірыңғай нарығына, инвестицияларға, технологияларға және ірі халықаралық компаниялардың өндірістік тізбектеріне қол жеткізді. Жұмыспен қамтудың кеңеюі, еңбек өнімділігінің артуы және жалақының өсуі халықтың сатып алу қабілетін біртіндеп жақсартты.
Бұған қоса, еңбек миграциясы да еңбек нарығындағы жағдайға әсер етіп, жалақының өсуіне ықпал етті.
Батыс Еуропада әл-ауқаттың бастапқы деңгейі әлдеқайда жоғары болды. Алайда 2008-2009 жылдардағы қаржы дағдарысының, Еуроаймақтағы қарыз дағдарысының, COVID-19 пандемиясының және одан кейінгі инфляцияның салдары нақты табыстың өсуін тежеді.
Ең төмен нәтиже Грекияда тіркелді. Онда нақты медианалық табыс 22,3%-ға қысқарған. 2009 жылдан басталған қарыз дағдарысынан кейін ел терең рецессияны бастан өткеріп, жалақы мен бюджет шығыстары қысқарды. Экономика кейін қалпына келгенімен, нақты медианалық табыс 2007 жылғы деңгейіне қайта оралмады.
Сонымен қатар Шығыс Еуропада әл-ауқаттың жылдам өсуі бұл елдердің тұрғындары Батыс Еуропа халқынан байып кетті дегенді білдірмейді. Пайыздық өсім өзгеріс қарқынын көрсетеді, ал өмір сүру деңгейінің нақты дәрежесін білдірмейді.
Қазақстан: табыс алты есе өсті, бірақ бір ескеретін жайт бар
Соңғы 15 жылда Қазақстанда да халықтың ақшалай табысы едәуір артты. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының тарихи деректеріне сәйкес, 2010 жылы жан басына шаққандағы орташа номиналды табыс айына 39 014 теңге болса, 2025 жылы 238 070 теңгеге жеткен. Осылайша, ақшалай көрсеткіш 6,1 есе өсті.
Алайда қазақстандықтар шынымен алты есе байыды ма? Бұл көрсеткіш өмір сүру деңгейі де дәл осынша артқанын білдірмейді. Себебі өткен жылдардағы табыс өсімінің едәуір бөлігін инфляция "жұтып" қойды.
Соған қарамастан, Қазақстандағы жинақталған пайыздық өсім мен Еуропалық одақтағы 25,4% көрсеткіштің арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Табыс өсімінің жиынтық қарқыны бойынша Қазақстан Еуропалық одақтың орташа көрсеткішінен шамамен 2,5 есе алда.
Тағы бір маңызды көрсеткіш – Қазақстанда күнкөріс минимумынан төмен табыс алатын халықтың үлесі едәуір азайды. 2005 жылы кедейлік шегінен төмен өмір сүрген тұрғындардың үлесі 31,6% болса, 2010 жылы 6,5%-ға дейін төмендеді. Ал 2016-2017 жылдары шамамен 2,6%-ды құрады. Алайда кейін COVID-19 пандемиясының әсерінен 2020 жылы бұл көрсеткіш қайтадан 5,3%-ға өсті.
Қазақстандықтардың қалтасында не өзгерді?
Өзгерістердің ауқымын бағалау үшін табысты тек пайызбен емес, теңгемен де қарастырған жөн.
2010 жылы жан басына шаққандағы орташа табыс айына 39 мың теңгені құрады. Ал Ұлттық статистика бюросының нақтыланған жылдық бағалауы бойынша, 2025 жылы бұл көрсеткіш 238 862 теңгеге жетті.
Төрт адамнан тұратын отбасы үшін бұл көрсеткіштерді есептегенде, 2010 жылы айына шамамен 156 мың теңге, ал 2025 жылы 955 мың теңге шығады.
Әрине, бүгінде 955 мың теңгеге 2010 жылғы 156 мың теңгеге қарағанда алты есе көп тауар сатып алу мүмкін емес. Өйткені осы уақыт ішінде бағалар да айтарлықтай өсті. Дегенмен қазақстандықтардың материалдық жағдайының жақсарғанын тек табыс өсімінен ғана емес, жинақ жасау мүмкіндігінен де байқауға болады.
Ұлттық банктің зерттеуіне сәйкес, 2016 жылғы қарашада сауалнамаға қатысқандардың тек 16,1%-ының жинағы болған. 2021 жылы бұл көрсеткіш 20,8%-ға, ал 2026 жылы 27,9%-ға жеткен. Осылайша, соңғы он жылда қаржылық қоры бар азаматтардың үлесі шамамен 1,7 есе өсті.
Ағымдағы табыстан ақша жинау мүмкіндігінің өзгеруі бұдан да айқын көрінеді. Егер 2016 жылғы қаңтарда сауалнамаға қатысқандардың 14,6%-ы ғана ақша жинай алатынын айтса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 27%-ға жеткен. Яғни күнделікті шығындарын өтеп қана қоймай, қосымша қаражат жинауға мүмкіндігі бар қазақстандықтардың үлесі екі есеге жуық артты.