Мұндай қылмыстық айла-тәсілдер қалай жүзеге асатыны туралы Ішкі істер министрлігінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті түсіндірді.
Қылмыскерлер заманауи цифрлық технологияларды, жасанды интеллектті, әлеуметтік инженерия әдістерін және психологиялық ықпал етуді пайдаланып, азаматтарға қысқа уақытта әрі кепілді түрде көп ақша табуға болады деген жалған түсінік қалыптастырады.
Алаяқтық неден басталады?
Алаяқтар жасанды интеллекттің көмегімен танымал тұлғалардың шынайы сөздерін өзгертіп, олардың атынан азаматтарды түрлі инвестициялық қорларға, компаниялар мен стартаптарға ақша салуға шақыратын жарнамалық роликтер жасайды.
Мұндай жарнамалар әлеуметтік желілерде (Instagram, Facebook, TikTok, Threads, YouTube, Telegram) жарияланады. Сондай-ақ олар ақша көбейтудің жолдарын іздеген азаматтарға іздеу жүйелері арқылы ұсынылады.
Кейде жарнама белгілі ақпарат агенттігінің жарияланымы немесе табысты кәсіпкермен болған сұхбат ретінде рәсімделеді.
Адамдардың назарын аудару үшін танымал тұлғалардың, мемлекеттік қызметкерлердің, ірі компания басшыларының, банк өкілдерінің және танымал блогерлердің суреттері мен бейнежазбалары пайдаланылады.
Соңғы уақытта қылмыскерлер жасанды интеллект пен дипфейк технологияларын жиі қолдана бастады. Яғни танымал адамдар белгілі бір жобаға инвестиция салуды ұсынып жатқандай жалған бейнероликтер жасайды.
Мұндай жарнаманың негізгі мақсаты – адамды арнайы білім мен тәжірибесіз-ақ жоғары табыс табудың оңай жолы бар екеніне сендіру. Алаяқтар күн сайын пайда табуға, пассивті табысқа, мемлекеттік инвестициялық бағдарламаға, сақтандыру төлемдеріне, уақытпен шектелген тиімді ұсынысқа немесе кепілді табысқа уәде береді.
Алаяқтармен алғашқы байланыс
Жарнамадағы сілтемеге өткеннен кейін адамға қарапайым тіркеуден өту ұсынылады. Ол үшін аты-жөнін, телефон нөмірін, кейде электрондық пошта мекенжайын көрсету қажет.
Осыдан кейін көп ұзамай алаяқ телефон соғады немесе мессенджер арқылы хабарласады. Ол өзін қаржы талдаушысы, инвестициялық кеңесші, брокер немесе жеке менеджер ретінде таныстырып, тиімді инвестициялар туралы сенімді түрде айтып, клиентке барлық кезеңде көмектесуге уәде береді.
Әңгіме адамның сеніміне кіруге бағытталады. Қылмыскер өзін кәсіби маман ретінде көрсетіп, қаржылық терминдерді қолданады, әлемдік нарықтар, акциялар, мұнай, алтын, криптовалюта немесе ірі халықаралық компаниялар туралы әңгімелейді.
Сонымен қатар адамға асығу керек деген әсер қалыптастырады. Мысалы, ақша табу мүмкіндігі тек бүгін немесе бірнеше сағат ішінде ғана бар деп сендіреді.
Қосымша орнату және телефонды бақылауға алу
Келесі кезеңде алаяқтар AnyDesk, RustDesk, TeamViewer сияқты қашықтан басқару бағдарламаларын орнатуға көндіреді.
Олар мұны тіркелуге көмектесу немесе инвестицияны басқару үшін қажет деп түсіндіреді. Сөйтіп, азаматтан телефонына немесе компьютеріне қашықтан қол жеткізуге рұқсат сұрайды.
Басқа жағдайда азаматқа инвестициялық қосымша жүктеу немесе шынайы инвестициялық сервиске ұқсайтын арнайы платформада тіркелу ұсынылады. Алайда мұндай платформаларды алаяқтардың өздері жасаған болуы мүмкін.
Қашықтан қол жеткізу мүмкіндігін алған қылмыскерлер құрылғының экранын көріп, растау кодтарын алып, банк қосымшаларына кіріп, ақша аударымдарын жасап, құрылғы иесінің атынан басқа да операцияларды орындай алады.
Алғашқы инвестиция
Жәбірленушінің сеніміне толық кіру үшін алаяқтар алдымен аз мөлшерде ақша салуды ұсынады.
Азамат ақшаны көрсетілген реквизиттерге өзі аударады. Әдетте қаражат жеке тұлғалардың банк карталарына, дроптардың шоттарына, криптовалюта әмияндарына немесе шетелдік төлем сервистері арқылы жіберіледі.
Осыдан кейін жеке кабинетте шоттың толықтырылғаны және пайданың тез өсіп жатқаны туралы жалған ақпарат пайда болады. Экранда әдемі графиктер, өсіп жатқан баланс, күн сайынғы табыс пайызы және сәтті жасалған мәмілелер көрсетіледі.
Шын мәнінде, ешқандай инвестиция немесе мәміле жасалмайды. Барлық көрсеткіш – адамға пайда тауып жатырмын деген жалған әсер қалыптастыру үшін ғана жасалған.
Адамды көбірек ақша салуға қалай көндіреді?
Табыстың өсіп жатқанын көрген жәбірленуші өзінің "жеке кеңесшісіне" сене бастайды. Осыдан кейін алаяқтар онымен үнемі байланыста болып, жаңа пайда графиктерін көрсетеді және көбірек табыс алу үшін инвестиция көлемін арттыру қажеттігін айтады.
Кейбір жағдайларда ықтимал жәбірленушілердің шоттарына жалған инвестициядан түскен табыс ретінде ақша аударылады. Шын мәнінде, алаяқтар мұндай адамдарды дроп ретінде пайдаланады. Яғни олардың шоттарына басқа жәбірленушілерден түскен ақша аударылып, кейін оны үшінші тұлғаның шотына инвестициялық жобаға салу ұсынылады.
Бұл үшін түрлі психологиялық әдістер қолданылады:
- сенімді қарым-қатынас орнату; тұрақты телефон қоңыраулары мен хат алмасу;
- бірнеше қызметкердің қатар сөйлесуі (брокер, бөлім басшысы, қаржы талдаушысы және т.б.);
- жалған пайданы көрсету; қысым жасау және асығуға мәжбүрлеу;
- бас тартса, бұған дейін тапқан ақшасынан айырылатынына сендіру;
- басқа инвесторлардың табысты тәжірибесіне сілтеме жасау.
Біртіндеп салынатын ақша көлемі көбейеді. Жеке қаражаты таусылған кезде қылмыскерлер несие алуға, кредиттік карталарды пайдалануға, туыстары мен таныстарынан қарыз сұрауға, көлігін немесе пәтерін сатуға, тіпті барлық жинағын салуға көндіреді.
Барлық ақша бірден көптеген дроптардың шоттарына, үшінші тұлғалардың банк карталарына, криптовалюта әмияндарына және шетелдік төлем жүйелеріне бөлініп аударылады.
Кейін қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылады, криптовалютаға айырбасталады немесе шетелге шығарылады. Бұл оның ізін табуды және қайтаруды едәуір қиындатады.
Алаяқтықтың соңғы кезеңі
Жәбірленуші өзіне тиесілі "пайданы" шығарып алуға тырысқанда, қылмыскерлер одан қосымша төлем жасауды талап етеді.
Олар ақша төлеуді әртүрлі сылтаумен сұрайды:
- салық төлеу;
- ақшаны шығару үшін комиссия;
- сақтандыру төлемі;
- жеке тұлғаны растау;
- шотты бұғаттан шығару;
- инвестициялық кабинетті іске қосу;
- халықаралық банк аударымы;
- қаржы реттеушісінің немесе брокердің қызметі үшін төлем.
Келесі төлем жасалғаннан кейін тағы да жаңа талаптар пайда болады.
Алаяқтар жәбірленушіден бұдан әрі ақша ала алмайтынын түсінген кезде, қоңыраулар мен хабарламаларға жауап беруді тоқтатады, оның аккаунтын бұғаттайды, хат алмасуды өшіреді және жалған инвестициялық платформаға кіру мүмкіндігін жабады.
Нәтижесінде азамат ақшасыз қалады, ал уәде етілген пайда шын мәнінде ешқашан болмаған.
Инвестициялық алаяқтықтың негізгі белгілері
Мына жағдайлар сізді сақ болуға мәжбүр етуі керек:
- тәуекелсіз жоғары әрі кепілді табыс уәде ету;
- тез және оңай ақша табуға шақыру;
- тіркелгеннен кейін қайта-қайта телефон соғу;
- шұғыл шешім қабылдауды талап ету;
- компанияның лицензиясы мен ол туралы нақты ақпараттың болмауы;
- қашықтан басқару бағдарламаларын орнатуды сұрау;
- ақшаны жеке тұлғалардың шоттарына, криптовалюта әмияндарына немесе шетелдік төлем сервистеріне аударуды талап ету;
- пайданы шығару алдында қосымша төлем сұрау;
- ақшаңызды өз бетіңізше шығара алмау.
Өзіңізді қалай қорғауға болады?
Инвестициялық шешімді эмоцияға беріліп немесе асығыс қабылдамаңыз. Егер сізді асықтырып жатса – бұл алаяқтықтың ең негізгі белгілерінің бірі.
Кепілді табыс уәде ететін жарнамалық сілтемелерге өтпеңіз. Кез келген инвестиция белгілі бір тәуекелмен байланысты, сондықтан тәуекелсіз жоғары табыс туралы уәде – алаяқтықтың белгісі.
Ақша салмас бұрын қаржы ұйымының лицензиясы бар-жоғын міндетті түрде тексеріңіз. Ақпаратты тек мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының ресми интернет-ресурстарынан алыңыз.
Бейтаныс адамдардың өтініші бойынша қашықтан басқару бағдарламаларын орнатпаңыз. Банктер, мемлекеттік органдар және заңды инвестициялық компаниялар құрылғыңызға қашықтан қол жеткізуді талап етпейді.
Ешкімге растау кодтарын, банк картасының деректерін, CVV кодтарын, логиндер мен парольдерді және бір реттік SMS кодтарды айтпаңыз. Бұл мәліметтерді тек шот иесінің өзі пайдалануы керек.
Белгісіз адамдардың кеңесі бойынша инвестициялық жобаға қатысу үшін несие алмаңыз және қарыз ақша пайдаланбаңыз.
Егер күмән туындаса, сөйлесуді тоқтатып, банкке немесе тиісті ұйымға ресми байланыс арналары арқылы өзіңіз хабарласып, кеңес алыңыз.
Инвестициялық платформаны өзіңіз қалай тексере аласыз?
Ақша салмас бұрын компанияның инвестициялық немесе брокерлік қызмет көрсетуге құқығы бар-жоғын міндетті түрде тексеріңіз.
Ол үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (АРРФР) ресми сайтына кіріп, лицензиясы бар қаржы нарығына қатысушылар тізімін табу қажет. Іздеу жолағына компанияның атауын немесе БСН-ін енгізіңіз.
Компанияның тізімде бар екеніне, лицензиясының қолданыста екеніне және оның қызмет түрі сізге ұсынылып отырған инвестициялық қызметке сәйкес келетініне көз жеткізіңіз.
Егер компания АХҚО арқылы жұмыс істейтінін мәлімдесе, оны AFSA-ның "Public Register" ресми тізілімі арқылы тексеріңіз. "Company name" жолына компанияның атауын енгізіп, лицензиясының мәртебесі мен рұқсат етілген қызмет түрлерін қараңыз.
Ішкі істер министрлігі мемлекеттік органдармен, банктермен, байланыс операторларымен және басқа да мүдделі ұйымдармен бірлесіп, интернет-алаяқтықтың алдын алу және жолын кесу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Сондай-ақ азаматтарды қорғау тетіктері жетілдіріліп, ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Егер сіз осындай алаяқтық схемаға тап болсаңыз немесе алаяқтардың құрбаны болғаныңызға күмәндансаңыз, бейтаныс адамдармен байланысты дереу тоқтатыңыз, ақша аудармаңыз және болған жағдай туралы полицияға 102 нөмірі арқылы хабарласыңыз.
Сақтық таныту – интернет-алаяқтардан қорғанудың ең жақсы жолы.