Қазақстан телеарнасының мәліметінше, қазір өрт болған орталықтың аумағы толық тазартылып, жанып кеткен көліктердің қаңқасын бірінің үстіне бірін жинастырып қойған. Тәуелсіз сараптама қорытындысы бойынша жүргізушілерге келген шығын көлемі 120 млн теңгеден асқан.
«Қара жаяу қалдық» дегендер бүгін өрт болған жерге жиналды. Бір жылдан бері құзырлы орган мәселені шешуге құлықсыз дейді көлік иелері. Тиісті құжаттың бәрі қолында тұрса да, тергеуші істі сағызша созып келеді. Ол аздай жақында жөндеу орталығының иесі көліктердің қаңқасын да алып кетіңдер деген талап қойған.
Бәрімізге хат жіберді. Өткенде екі ай бұрын әлі бір машинаның экспертизасы жасалынбаған. Осы Алматыда сараптама жасайтын бір-ақ адам сияқты. 20 көлікті 20 жыл жасайтын сияқты мына түрлеріне қарағанда. Зардап шегуші Гаухар Құлтаева
Зардап шегушілердің айтуынша, техникалық жөндеу орталығының басшысы дәл осылай жауапкершіліктен қашып отыр. Соның кесірінен бір жыл бойы мәселе шешілер емес. Ал ай сайын жоқ көлігінің несиесін төлеп жатқандар тығырыққа тірелдік деп ашулы.
Бұл 20 көлік 20 отбасының мұқтаждығы. Бірі сол көлікпен нәпақасын тауып отыр. Арамызда несиеге алғандар бар екен. Оларға, тіпті обал. Тиісті мекемелердің бәріне бардық. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Зардап шегуші Роза Абиева
Осы дерек бойынша өрт қауіпсіздігін сақтамау бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алайда әлі күнге сотқа жіберілмеу себебін Полиция департаменті былайша түсіндіріп отыр.
Қылмыстық іс кезінде тергеуші тарапынан сараптама тағайындалды. Бұл сараптама нәтижесі алынғаннан кейін кешенді сараптама тағайындауға тура келді. Кешенді сараптамасыз іс материалдары сотқа жіберілмейтініне көзіміз жетті. Алматы қаласының ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек
Амалы таусылған көлік иелері Алматы прокуратурасына да жүгінді. Десе де, 120 миллион теңге қашан қайтарылатыны әзірге белгісіз. Ал зардап шегушілер өтемақы қайтарылмай, қаңырап, қираған көліктерімізді әкетпейміз деп отыр.