Көрісу – наурыздың басы
Ғасырлардан жалғасын тауып келе жатқан «Көрісу» немесе «Амал» мерекесі әр жылы көктемнің алғашқы 14-күнінен бастап тойланады. Бұл – қазақтың дәстүрге толы ұлттық мерекесі. Этнограф Болат Бопайұлының айтуынша, мереке бір күн ғана болмайды. Керісінше Наурыз – бір айға жалғасатын салт пен дәстүрге толы мереке. Ал көрісу соның бастауы деуге болады.
Бұл мейрамды «Наурыз көже», «Тілеу көже» ішіп қана өткізбейді. Наурыз – бата беру, амандасу, көрісу, кешірім сұрау, ойын-сауық, сый жасау, ат ойындары, ақындар айтысы, балуан салу, жамбы ату, арқан тарту, көкпар, бастаңғы, базарлық, ат бәйге сияқты толып жатқан ұлттық дәстүрлерді жаңғыртатын мереке. Осы арқылы елдің бірлігін, халықтың берекесін арттырып, жұрттың көңілін көтеру мақсат етіледі. Осы мереке арқылы мемлекеттің тұтастығын сақтау, басқа ұлттар мен ұлыстарға қазақ халқының дәстүрін, өркениеті мен өнерін, тарихы мен түп тамырын таныту көзделеді. Тоқ етерін айтқанда қазақ наурызды 14-і күнінен тойлауды бастайды.Этнограф Болат Бопайұлы
Бұл күн неліктен «Амал мерекесі» деп аталады?
Көрісу күнінің «Амал мерекесі» атануының да тарихи мән-мағынасы бар. Этнографтың сөзінше, қазақ бір жылда 24 амал кіреді деп, тұтас жылдың ауа райын сол кірген амалдармен есептеген. Бір амал 7 күнге жалғасады. Ол амалды «Амалдың басы», «Амалдың ортасы», «Амалдың соңы» деп үшке бөліп есептейді.
Сол амалдардың бірі – «Мәз амалы» көктем айларының көрінген кезі наурыздың 14-жұлдызында кіреді. Мәз амалы кірген түні жеті қат жер астынан көк құт көзін ашып, жер астындағы өсімдік тамырлары жарылады. Осы кезде қысқы ұйқыда жатқан жан-жануар оянады. Жер астында жатқан сарышұнақ тышқан жер бетіне шығады. Жыл басы туралы аңызда айтылатын, түйе өркешіне шығып алып, жылдың басын еншілеген тышқан – сол. Әр жылы наурыздың 14-інде, «Мәз амалы» кіргенде сол амалды сезетін де әуелі сол сарышұнақ. Сол тышқан көктем келгенде жер бетіне шығып, әрі-бері асыр салып жүгіреді. Соны көрген есепшілер «Мәз амалы» кіріпті» деп қуанған. «Мәз болмай, әз болмайды, шағала келмей жаз болмайды» деген мақал да осы амалға байланысты айтылған.Этнограф
Сурет: Болат Бопайдың жеке архивінен
Тіпті қазақ халқы жеті күнге созылатын бір амалды Көрісу күні, Тағзым күні, Бұлақ көзін ашу күні, Кешірім күні, Сый жасау күні, Береке-сауық күні деп әр күнді түрлі тақырыппен өткізетін болған. Осындай атаулы күндер Наурыз мерекесіне дейін жалғасқан.
Көрісу – жақсылықтың жаршысы
Сонда «Көрісу күні» деп батыс қазақстандықтардың тойлап жүрген мерекесі осы «Мәз амалының» кіруімен тіке байланысты.
14 Наурыз күні күн аспан шарының экватор нүктесін қиып өтіп, аспанның оңтүстік жарты шарынан солтүстік жарты шарына өтеді. Осыдан 7 күн өткенде 22 наурызда күн мен түн теңеледі. Қазақ күнтізбесі бойынша осы кезде жаңа жыл кіреді. Міне, 14 күнгі «Көрісу күні» деп атап өтіп жүргеніміз «Амал мерекесі» күн мен түн теңелгенге дейінгі алдын ала дайындық. Сонда көрісу – «Көк құт көзін ашқан күннен бастап адамға да, жан жануарға да, табиғат пен жаратылыс дүниесіне де жақсылық жаршы болады» деген ескі ырымның салт пен дәстүрге айналған мерекесі.Болат Бопайұлы
Қазақ бұрынғы кезде наурызды тойлауды осылай бастаған көрінеді. Кейін көп өңірде ұмытылып кеткенімен Батыс Қазақстан тұрғындары осы дәстүрді жақсы сақтап қалған.
Этнограф осы мерекені дәстүрді жаңғыртып, халықтың барыс-келісін арттыратын, өткен тарихын еске түсіретін тамаша күн деп бағалайды.
Қазақ көрісу күні мен наурызда қандай амалдар жасаған?
Қазақ халқы Наурыз мерекесіне дейін ескі-құсқы заттарды, жыртық киімдерді, сынған ыдыстарды өртеп, көнеден арылып, жаңалыққа бет алған.
Бұл мереке қарсаңында рухты да тазалау халқымыз үшін аса маңызды болған. Жылдар бойы бірін-бірі көре алмай жүрген ағайындар мен туыстар бас қосып, құшақ жайып көрісетін болған. Реніш пен өкпе-назды кешіріп, достық пен татулыққа, бауырмалдыққа ұмтылған.
Сондықтан «Амал мерекесін» бүкіл қазақ халқына ортақ мереке деуге болады. Батыс қазақстанның мерекесі деу – жаңсақ ұғым.Этнограф Болат Бопайұлы