Осыған орай Zakon.kz тілшісі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың інісі, Д. Қонаев атындағы халықаралық қордың президенті Елдар Қонаевпен және қордың вице-президенті Болат Байболмен тілдескен еді.
Елдар Қонаев Қапшағай қаласына Дінмұхамед Ахметұлының есімін беру туралы жаңалық Қонаевтар әулеті үшін тарихи жайт болғанын айтты.
– Президенттің Қазақстан халқына жолдауын ден қоя тыңдадық. Ол ұсынған саяси реформалар мен өзгерістер – еліміздегі толғағы жеткен мәселелер. Мемлекет басшысы жаңадан үш облыс құрылатынын хабарлады. Жетісу облысы құрылса, Алматы қаласының да агломерация мәселесі шешіледі. Оның үстіне Қапшағай қаласы облыс орталығы ретінде таңдалғаны айтылды. Ол қаланы жетпісінші жылы Қапшағай су қоймасы салынғанда, Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың өзі құрған еді. Қалаға «Қапшағай» деген атауды да өзі берді. Әрине, қалаға ол кісінің есімін беру туралы жаңалықтың біз үшін тарихи маңызы зор болды. Қала тұрғындары мен қауымдастық бұл ұсынысты қолдайды деген үміттемін.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімін қалаға беру туралы ұсыныс 1994 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Д.А.Қонаевтың есімін мəңгі есте қалдыру туралы» жарлығына енбей қалды. «Мәңгі есте қалдыру туралы» жарлық бес тармақтан аспауы керек деген ереже болғандықтан, ұсыныс ұсыныс күйінде қалды.
Елдар Қонаев Абай облысының құрылатындығы туралы жаңалық та отбасы үшін ерекше қуанышты хабар болғанын айтты.
– Мен Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа ғана емес, анам жағынан Мұхтар Омарханұлы Әуезовке де туыс болып келемін, жиенімін. Сондықтан Абай облысының құрылатындығы туралы жаңалықтың да маңызы зор болды, қуанып қалдық. Ұлытау облысының құрылуымен Жезқазған қаласын дамыту жағы да қолға алынбақ. Осы тұрғыдан алғанда президентіміздің бұл ұсыныстары сараланған, ақылға қонымды ұсыныс болды дер едім. Сондықтан оны ел болып қолдаймыз.
Әңгімелесу кезінде Елдар Асқарұлы дара тұлғаның өзіне айтқан өмірлік ақылын есіне алды.
– Дінмұхамед Ахметұлы экономиканың барлық құрылымын, Қазақстанның тарихын, мәдениетін өте жақсы білген әрі терең түсінген адам болды. Тағдыр жазып, ол ел басқарған азамат атанды. Биліктің даңғыл жолымен жүріп өтсе де, ол ешқашан адамдық, адамгершілік қасиетін жоғалтқан емес. Мемлекеттік қызметке тұратын кезде ол кісі мені арнайы шақырып, екеуміз ұзақ әңгімелестік. Сол кездегі оның мына бір сөзі әлі есімнен кетпейді: «Ешқашан жеделдікті ұшқалақтықпен, талапшылдықты дөрекілікпен шатастырып алма!». Өзі де осы ұстаныммен өмір сүріп, қызмет атқарды. Тоқсан екінші жылы Жамбыл, Шымкент облыстарына сапарлап бардық, сол кезде Дінмұхамед Ахметұлын Жамбыл облысы Талас ауданының халғы зор құрметпен қарсы алғанына куә болдым. Халық онымен ырымға салқын амандасып қоя салған жоқ, бар ықыласымен құшақ жая қарсы алды. Бұл жайт оны да, мені де толғандырған еді.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың ұлылығы – қарапайымдылығында
«Бұл жаңалықты халық сарыла күтті. Ұсыныс айтылғанда, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын іске асырып жатқанына тағы да көзім жетті. Ол қалалардың біріне Қонаевтың есімін беру туралы халықтың көптен айтып жүрген тілегіне құлақ асты», – деп бастады сөзін Дінмұхамед Қонаев атындағы халықаралық қордың вице-президенті Болат Байбол.
– Тарихи жағынан қарастыратын болсақ, Қапшағай қаласының орнында бұрын Іле ауылы болған. Кейін ол ауылды су басты да, Жаңа Іле деп аталатын ауыл салынды. Жетпісінші жылы шағын ауыл Қапшағай қаласына айналды. «Қапшағай» сөзі ежелгі түрік тілінен аударғанда, «тас аңғар», немесе «шатқал» деген мағынаны білдіреді. Бұл қала Дінмұхамед Қонаевтың тікелей қатысуымен салынды. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлының қаланы Қонаев есімімен атау туралы ұсынысын қуана қабылдадық. Оның үстіне қалаға облыс орталығы деген статус берілгелі жатыр. Бұл бастама қаланы дамытуға жақсы серпін береді деп ойлаймын.
Журналистердің көбі қалада шоғырланған ойынханаларды сөз етіп, Қонаев пен казино ұғымы бір-біріне кереғар екенін айтып жатыр. Өз басым Қапшағай облыс орталығына айналғанда, ойынханаларды Солтүстік жағалауға не болмаса басқа жаққа көшіретін шығар деген үміттемін.
Болат Байбол Дінмұхамед Ахметұлының халық үшін сіңірген ерен еңбегін айта келіп, тарих оқулығындағы ол туралы мардымсыз ақпарат қынжылтатынын айтты.
– Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – өмірін халыққа қызмет етуге арнаған адам ретінде өскелең ұрпаққа нағыз үлгі боларлық тұлға. Ол басшылықта болған жылдары еліміз одақтас мемлекеттер ішінде өнеркәсіптік өндіріс, энегетика, ғылыми әлеуеті, білім беру, медицина сынды көптеген көрсеткіштер бойынша Ресей мен Украинадан кейін үшінші орында болды. Қонаевтың тұсында мыңдаған мектеп, емханалар, көптеген ғылыми-зерттеу институттары ашылды. Алайда «Қазақстан тарихы» оқулығында берілген Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев туралы ақпарат тым мардымсыз. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарында оныншы сынып оқушыларына арналған оқу жоспарына «Қонаевтану» пәнін факультатив ретінде енгізуді қолға алып жатырмыз. Биыл Қаратау мен Қорғалжыңда мұражайлары ашылды. Қорғалжыңдағысы аңшылық үйі ретінде ашылды. Дінмұхамед Ахметұлы аңшылыққа жиі шығып тұрған. Өмірде ол кісі қандай қарапайым болса, мемориалды аңшылық үйі де сондай қарапайым етіп жасақталды. Ол үйді энтузиастар қайта қалпына келтірді. Біз экспонаттар апарып бердік. Мына қызықты айтайын, сол мұражайға экспонат апарарда біз біраз әбігерге түстік. Ол кісі кітаптан басқа дүние жинамаған екен. Ол кітаптарды мұражайларға тапсырып тастағанбыз. Сондықтан мұражайға өткізуге зат таппай қиналдық. Осыдан Қонаевтың ұлылығы оның қарапайымдылығында болған дер едім.