Соған сәйкес депутаттар алдағы бейсенбіде «Біріккен Ұлттар Ұйымының медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық татуласу келісімдері туралы конвенциясын ратификациялау туралы» заң жобасын қарауды жоспарлап отыр.
Бұл Конвенция халықаралық коммерциялық келісімдерді сақтау кепілдіктерін күшейтеді. Сондай-ақ медиация арқылы халықаралық коммерциялық дауларды реттеу жөніндегі шарттық-құқықтық базаны нығайтуға тиісті жағдайлар жасайды.
Сонымен қатар Бюро отырысында сенаторлардың 18-25 наурыз аралығында өңірлерге жасаған сапарларының қорытындысы тыңдалды. Бұл сапарлардың басты мақсаты халықпен кездесіп, жергілікті жерлердегі ахуалмен танысып, Президент Жолдауында айтылған басымдықтарды, қолға алынған реформаларды және қабылданған заңдарды талқылау болды. Осы ретте еліміздің барлық өңіріне барған Сенат депутаттары 300-ге жуық кездесу өткізіп, шалғай ауылдар мен елдімекендерге де арнайы ат басын бұрғанын атап өткен жөн.
Кездесулер барысында азаматтар азық-түлік бағасының өсуіне, халықтың табысын арттыруға, жұмыспен қамтуға, автомобиль жолдарының сапасына, жайылым жерлердің тапшылығына, ауыз сумен қамтамасыз етуге және басқа да маңызды мәселелерге қатысты өзекті проблемаларды көтерді.
Бюро отырысының қорытындысы бойынша Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев депутаттарға халықты алаңдатқан бұл проблемаларды бақылауға алып, мұқият зерттеп, оларды шешу үшін тиісті жұмыстарды қолға алуды тапсырды.
Сондай-ақ Бюро мүшелері «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркі Академиясы арасындағы Түркі Академиясын орналастырудың шарттары мен тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын жұмыс үшін Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетіне берді.