Мамандар пікірі: кремацияға ғылым мен дін не дейді

Қоғамдағы белсенді талқылаулардан кейін Алматыда крематорий құрылысы басталды. Бұл туралы дін өкілдері не дейді? Ал кремацияның салынуын қолдайтындар қандай дәлелдер келтіреді? Zakon.kz тілшісі мешіт имамынан, шіркеу протоиерейінен және биолог маманнан сұрап көрді.

Алматыдағы Әли-Мұхаммед мешітінің бас имамы Қанатәлі Такиров Ислам дінін ұстанушы мұсылмандар үшін кремация үлкен күнә екенін айтты.

Шариғат бойынша Ислам дінінде денені өртеу – өте ауыр күнә. Өйткені Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) марқұмның денесіне жаман қарауға қатаң тыйым салған. Шариғат бойынша, Ислам діні бойынша, Алла Тағаланың әмірлері бойынша адамның денесі бұзылып кетпеуі үшін қайтыс болған кісіні тезірек жерлеу керек. Марқұмның денесін арнайы жуып, кебін деп аталатын киімге орап, үстінен марқұмға дұға оқылады. Одан кейін ерекше құрметпен зиратқа апарып, ислам ғұрпы бойынша жерлейді.Қанатәлі Такиров

Алматыдағы Вознесенский соборының протоиерейі Александр Суворов қазіргі Қазақстан қоғамында кремация әлі дәстүрге айналмағанын және азаматтарға менталитет жағынан дәстүрлі түрде жерлеу жақын екенін айтты. Ол бұл мәселеде бірнеше нәрсені ажырата білу маңызды екенін түсіндірді: дәстүр деген бар және парыз бар.

Шіркеу қағидасы бойынша, жан тағдыры тәннің тағдырымен араласпайды, екеуі екі бөлек қаралады. Сондықтан да азапталушылардың денесі өртеніп, суға батып, жан-жақты мазаққа айналды. Бірақ дәстүр бар. Дәстүр кейде кейбір діни қағидаларға қарағанда әлдеқайда күшті. Расында да, кремация біздің қоғамда дәстүр емес, сондықтан көптеген адамдар одан қорқады және оны қабылдамайды. Осы себепті шіркеу ерте заманнан бері қалыптасқан дәстүрді ұстанады. Айтпақшы, мысалы Мәскеуде адамдар крематорийлерде жаназа жасай береді және бұл рәсімде ешқандай қорқынышты нәрсе жоқ.Александр Суворов

Биология ғылымдарының кандидаты, М.А. Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институты бас директорының орынбасары Гүлнар Исмағұлованың айтуынша, крематорий салу – Қазақстан үшін, әсіресе Алматы үшін көптен талқыланып келе жатқан, әлдеқашан кемеліне жеткен мәселе.

Кремацияны енгізу ауылшаруашылық қажеттіліктері үшін жерді үнемдеуге және қалаларды жаңа зираттардан босатуға көмектеседі. Тек біздің қалада 40-тан астам белсенді зират бар. Одан басқа арнайы тіркелмеген, адамдар өздері жерлей берген зират саны қанша екені белгісіз. Ғылым тұрғысынан дәстүрлі жерлеу әдісі неліктен мүлдем құпталмайды? Өйткені кейбірі қайтыс болған адамның денесін бальзамдау әдісін қолдана алады. Ал мұндай тәсіл дененің жерге түскеннен кейінгі ыдырау процесін бәсеңдетеді де, ол топырақтың құрамына да әсер етеді.Молекулалық биология және биохимия институты бас директорының орынбасары Гүлнар Исмағұлова

Биологтың айтуынша, коронавирус пандемиясы инфекциядан қайтыс болған адамдардың денесін дәстүрлі түрде жерлеудің дұрыс емес екенін көрсетті. Өйткені вирус дегеніміз өте төзімді әрі топырақта ұзақ сақталады. Олар жер асты суымен ағып, жер бетіне оңай еніп, қайтадан жануарлар мен құстар арқылы тасымалдануы мүмкін.

Ғалымның сөзінше, жақын арада Қазақстан қоғамы кремацияның барлық артықшылығын түсіне бастайды.

Дегенмен кремацияны немесе дәстүрлі жерлеуді таңдау қай дінге сенетініне қарамастан әр адамның өз еркінде болуы керек.Гүлнар Исмағұлова
Алматы
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: