Ұлы Отан соғысы батырларының құрметіне Нұр-Сұлтанда «Естелік тақтасы» ашылды

Отан қорғаушылар мен Жеңіс күні қарсаңында Ішкі істер министрлігінің Мемориалдық кешені елордада ашылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемориалдық кешен Жеңістің 77 жылдығына орай және Отанын қорғап, ерлік көрсеткен ішкі істер органдарының қызметкерлері – қазақстандық жауынгерлердің құрметіне салынды, деп жазды Polisia.kz ақпараттық порталы.

Отан үшін от кешкен бабалардың рухына қызмет жасау – әрқашан да біздің парызымыз. Толқынды толқын қуады дейді. Қазақ айтады «тұлпардың дүбірін естімеген тай арғымақ бола алмайды» деп. Сондықтан бүгінгі іс-шара – болашақ ұрпаққа үлгі. Еліміздің тыныштығын, құқықтық тәртіпті, қауіпсіздікті сақтауға бүкіл күш-жігерімізді саламыз, – деді ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.

Айта кету керек, Ұлы Отан соғысына бір жарым миллионнан астам қазақстандық қатысты. Олардың жартысынан көбі майдан даласынан елге оралған жоқ. 500-дей отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атанып, 124-і – “Даңқ” орденінің толық иегері болды.

«Естелік тақтасының» ашылу рәсіміне премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, елорда әкімі Алтай Көлгінов, ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, ішкі істер органдары және Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ведомство қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қатысты.

Бұны сұрапыл Ұлы Отан соғысының кезінде елі үшін, халқы үшін жанын пида еткен, өмірін қиған талай қазақ батырларына, сол Ұлы Отан соғысына қатысқан азаматтардың бәріне, соғыста жеңіске жету үшін тылда еңбек еткен, ерлік жасаған біздің халқымыз үшін қойылған үлкен ескерткіш деп қарастыруымыз керек деп ойлаймын, – деді Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Жиналғандар мемориалға гүл қойып, батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Құрметті ардагерлер! Сіздер осы батыр-бабаларымыздың ерлігін ары қарай осы бейбіт өмірде жалғастырып, біздің тәуелсіздігімізді нығайтып, халқымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, еңбек еттіңіздер. Сіздерге үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Сіздердің қызметтеріңізді қазіргі саптағы полиция қызметкерлері жалғастыруда. Бұл – абыройлы қызмет. Қала әкімі Алтай Көлгінов
Нұр-Сұлтан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: