Шырындардың тікелей сығылған, жаңа сығылған, қалпына келтірілген, қойытылған деген сияқты түрлері бар. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының мәліметінше, нағыз пакеттелген шырын жемістерден немесе көкөністерден алынған табиғи өнім болуы керек. Оның кейбіреуі ұнтақтан тұрады. Бірақ шырындар мен балшырындарды өндіруде бояғыштарды, консерванттар мен хош иістерді қолдануға қатаң тыйым салынады.
Өнімді жасағанда тағамдық қоспа қолданылса, ол құрамында міндетті түрде көрсетілуі керек. Өнімнің қаптамасынан оның құрамын тауып алыңыз. Онда барлық компонент жазылады. Сонымен қатар дәмдеуіштер, тұз (қызанақ шырынында болуы мүмкін) сияқты қоспаларға да назар аудару керек. Қаптамада жарамдылық мерзімі көрсетілген. Оны өндіруші өзі орнатады, орташа есеппен – бір жыл. Сонымен қатар қаптаманы ашқаннан кейін өнімді қалай сақтау керек екені туралы ақпарат болуы керек, – дейді мамандар.
Сатылымға дейінгі және сатылғаннан кейін шырында қандай да бір ақау болса, ол қоймаларда шырынды сақтау кезінде жіберілген физика-химиялық және микробиологиялық процестер салдарынан. Алайда бұл процестер технологиялық режимнің бұзылуынан да туындауы мүмкін. Мысалы, залалсыздандырылған шырындардың микробиологиялық бұзылуы өнімді немесе қаптаманы стерильдеу температурасының сақталмауынан немесе тұтынушы қаптаманы ашқан кезде герметизацияның бұзылуынан туындауы мүмкін.
Сондықтан кез-келген шырын өнімін сатып алғанда сақ болыңыз. Оның сыртқы түріне, жарамдылық мерзімі мен құрамына назар аударыңыз. Сақтау мерзімі өтіп кеткен немесе сапасы күмәнді шырын өнімдердің сатылып жатқанына куә болсаңыз, Алматы қаласының аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына немесе тікелей департаментке (Жібек жолы даңғылы, 5, тел. 3823628) хабарласыңыз, – делінген Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарламасында.