Ал елімізде күніне 30 мың литр сергіткіш сусын ішіледі. Дәрігерлер бұған алаңдаулы. Энергетикалық сусындардың күнделікті ,бір-екі құтыдан сіміріп алуды желік қуған жастар әдетке айналдырған. Ағзаға тигізер зиянын ойлап бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Ішкен мезетте, бойыңа ерекше жан кіріп, тау қопарардай күш бітеді. Бірақ дәрігерлер бұл алып күштің уақытша құбылыс екенін айтады, деп хабарлайды Astana.tv.
Энергетикалық сусындардың құрамында адам ағзасына өте қауіпті химикаттар бар. Олардың құрамында 10-15 шақты қоспа болады. Олар – глюкоза, матеин, мелатонин, кофеин, женьшень. 10-15 минутта сергіп, күшіңіз артады. Алайда, қоспалар асқазан, өт жолдарына зиян. Бір ішкеннен әсері болмаса да, уақыт өте келе ағзаңыз сыр бере бастайтын болады. Диетолог, нутрициолог Ольга Шаповалова
Ағзадан табиғи жолмен тазарып шығуы екіталай сергіткіш сусындардың құрамы жыл сайын өзгеруде. Өндірушілер тағамның сапасын ұзақ уақыт жоғалтпай сақтайтын консерванттарды үйіп-төгіп қосатын көрінеді. Белгіленген нормативке сай емес мұндай энергетиктер Қостанай облысының дүкен сөрелерінен табылды.
Комитет өнімдер қауіпсіздігі мониторингі қорытындысы бойынша қауіпті өнімдердің бар болғандығы анықтады. Бұл қауіпті өнімдер Қостанай облысының сауда орындарынан анықталған. Қазіргі кездегі қауіпті өнімдердің барлығы сатылымнан алынып тасталды. Және де осы комитеттің аймақтық филиалы тиісті шаралар жұмыстарын жалғастыруда. ҚР ДСМ СЭБД басқарма басшысы Дана Қасқатаева
Қазақстандықтар күніне 30 мың литр энергетикалық сусын ішеді. Оның 80 проценті жасөспірімдердің үлесі. Жастар энергетикалық сусынға ерекше құмбыл. Ата-ана қанша тыйым салса да, зиянды сусын мен фаст-фуд өнімдерден бас тартпайды.
Бұған дейін елімізде білім беру ұйымдарынан 100 метр қашықтықта ішімдік сату тыйым салынған еді. 2015 жылы бұл талап күшін жойған. Энергетик сусындардың мәселесі де талай рет Мәжіліс мінберінде көтерілді. Бірақ әлі заңнамалық деңгейде реттелген жоқ.