Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚР Еңбек кодексінде қызметкердің міндеті және жұмыс берушіні уақытша еңбекке жарамсыздық парағын ашу туралы хабардар ету тәртібі қарастырылмағанын атап өтті.
Бұл ретте олар кодексте қызметкер еңбек міндеттерін келісімдерге, еңбек, ұжымдық шарттарға, жұмыс берушінің актілеріне сәйкес орындауға тиіс екені көрсетілгенін айтты.
Осыған орай, мүмкіндігінше уақытша еңбекке жарамсыздық анықтамасымен расталған уақытша еңбекке жарамсыздық туралы жұмыс берушіні хабардар етуді жөн санаймыз, – деді Еңбек министрлігі.
Бұл ретте министрлік Еңбек кодексінің 54-бабына сай бірқатар жағдайларды қоспағанда, уақытша еңбекке жарамсыздық және қызметкердің демалысы кезеңінде жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзуға жол берілмейтінін айтты.
Сонымен қатар Еңбек министрлігі еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды мемлекеттік еңбек инспекторлары жүргізетінін хабарлады.
Жұмыс беруші еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін бұзған жағдайда қызметкер немесе оның өкілі ұйымның орналасқан жері бойынша еңбек инспекциясына тиісті өтінішпен жүгінуге құқылы.