Ақтауда айналымы 63 млн теңгеден асқан жасырын ойынхана анықталды
Фото: unsplash
Бұл туралы 2026 жылғы 24 қарашада Маңғыстау облысы прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді. Жасырын ойынхананы прокуратураның үйлестіруімен Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері анықтаған.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2026 жылдың сәуір-қазан айлары аралығында бір топ адам арнайы үй-жайды ойын терминалдарымен жабдықтап, ақшалай бәс қабылдап, құмар ойындар ұйымдастырған.
"Тергеу әрекеттері барысында ойын жабдықтары тәркіленді. Мамандардың қорытындысына сәйкес, қабылданған ақшалай бәстердің жалпы сомасы 63 млн теңгеден асқан", – делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабының 3-бөлігі ("Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру") негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты істің өзге мән-жайлары жария етілмейді.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы 4 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Дмитрий Пунин мен Марина Ильинаға іздеу жарияланғанын растады. Агенттіктің мәліметінше, олар қазақстандық пайдаланушыларға бағытталған Pinco және Pin-Up интернет-казиноларының заңсыз қызметін ұйымдастырды деген күдікке ілінген.