Ақтауда заңсыз ойын бизнесінде 63 млн теңгеден астам ақша айналымға түскен
Фото: pexels
Маңғыстау облысы прокуратурасының үйлестіруімен Экономикалық тергеп-тексеру департаменті заңсыз ойын бизнесін анықтады.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2026 жылдың сәуірі мен қазаны аралығында бір топ адам арнайы жабдықталған үй-жайда ойын терминалдарын пайдаланып, ақшалай бәс қабылдаған және құмар ойындарын өткізген.
Жедел-іздестіру шаралары кезінде заңсыз ойын қызметінің деректері анықталып, ойын жабдықтары тәркіленді. Мамандардың қорытындысы бойынша, қабылданған ақшалай бәс көлемі 63 млн теңгеден асқан.
Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 307-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікке ілінген адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мәліметтері жарияланбайды.
Прокуратура заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.