Ал қойдың терісі шетелге өтпейді. Сондықтан шаруалар шикізатты амалсыз қоқысқа тастайды. Бұрын ұсақ мал терісінен де табыс тауып келген шаруалар қазір оны тиынға болса да алатын адам таппай жүр.
Қозыбай Атбағаровтың күнделікті жұмысы – жаңа сойылған мал терісін қоқысқа шығару. Тері тау болып үйілген соң оны қоқыс полигонына жөнелтеді. Айнала өлексе сасымас үшін тері төгілген жерді күн сайын өртеп тұруға тура келеді. Мал терісі бұрын табыстың бір көзі болса, бүгінде шаруаларға қосымша жүк болып тұр, деп хабарлады Qazaqstan ұлттық арнасы.
Қой терісін ешкім алмайды. Керек болмағасын күнделікті қоқысқа кетеді. Осы аймақта қанша шаруа бар. Бәрінікі қоқыста жатыр, – деді шаруа Қозыбай Атбағаров.
Отандық өндірушілердің де қой терісін өңдегісі келмейді. Өйткені одан жасалған жартылай фабрикатқа шетелден сұраныс жоқ. Ал елімізде иленген қой терісінен бұйым жасайтын отандық кәсіпорын жоқ. Есесіне жылына елімізде екі жарым млн данадан астам ірі қара мал терісі жиналады. Оның өзін делдалдар ақшасы үшін шетел асыруға бейімделіп алған.
Аусылға (мал індеті) байланысты теріні ресейге шығармайтын. Енді қазір аусылдың карантин уақыты бітіп, шекара ашылғаннан кейін терінің барлығы сол ресейдің тарапына қарай ақырын ауып кетіп жатыр. Тікелей өзіме қатысты айтсам, зауытта қазір тері жоқ. Тері жоқ болғасын зауытымыз тоқтап тұр.Қазақстандағы тері өндірушілер қауымдастығының төрағасы Нұрман Нүптекеев
Қазақстанда ірі қара мал терісін өңдейтін 10 кәсіпорын бар. Олардың көбі кейде істемей, тұралап қалады. Бірінің тозығы жетсе, енді біріне шикізат жетіспейді. Ал осы уақыт аралығында дайын теріден бұйым жасайтын өндіріс орыны іске қосылмапты. Қазір тері өндіру саласының фукцияларын индустрая министрлігінен ауылшаруашылығы министрлігіне толық өткізу жұмысы жүріп жатыр.
Елімізде былғарыдан бұйым жасайтын кәсіпорынның нарықтағы үлесі небәрі – 4%. Қазір екі зауыт толық жұмыс істеп тұр. Оның өзі кеңестік кезеңнен қалып, қайта жөндеуден өткен. :аңа өндіріс орны ашылмады.Ауылшаруашылығы өндірісі басқармасының сарапшысы Айгерім Исабекова
Қазір тері өндірушілер қауымдастығы мен ауылшаруашылығы министрлігі теріден желатин жасайтын зауыт құрылысы үшін келіссөз жүргізіп жатыр. Сонда елдегі бүкіл мал терісі тамақ өндірісіне бағытталмақ.