Түр-түсі ұсқынсыз тауарларға қазір дүкендерде сұраныс тіптен артқан. Алайда мамандар ата-аналарға мұндай адам шошырлық бейнедегі ойыншықтарды логикасын кеңейтіп, қызығушылығын оятатын дүниелерге алмастыруға кеңес береді. Хаги- Ваги және Киси-Миси ойыншықтарын қазір еліміздегі кез келген дүкеннен табуға болады. Тіпті соңғы жарты жылда бұлар ең өтімді тауарға айналған. Сатылымда ойыншықтың түрлі өлшемі мен түсі бар. Сатушылар бұл құбыжық ойыншықтарды кішкентайлардың арнайы іздеп келетінін айтады, делінген КТК телеарнасының сюжетінде.
Дүкенімізге кірген балалардың таңдауы ең алдымен осы Хаги-Ваги мен Киси-Миси. Көп ата-аналар оны әпермеуге тырысқанымен, кішкентайлары қасарысып тұрып алады. Кейде тіпті жанында еріп келген ата-әжелердің өзі түрін көріп шошып жататын жағдайлар да көп. Бірақ ұл-қыздары ақыры айтқанын алмай қайтпайды. Күніне шамамен Хаги-Ваги мен Киси-Мисидің 20-дан аса данасы сатылып отырады. Сатушы Ұлан Ашықбаев
Дәл осылай Сәния Исатаева да қазір кішкентайларын ойыншық дүкеніне апаруды қойған. Өйткені үш ұлы да тек Хаги-Ваги мен Киси-Миси-дің жанкүйерлері. Сауда орындарынан бейнесін көрсе болды кенедей жабыса қалады дейді. Өйткені балабақшадан күнде көріп, өзге балалармен ойнайтыны да осы құбыжық ойыншық екен. Біреуінің өзін 8-10 мың теңгеге сатып алған.
Жарты жыл бұрын осы Хаги-Ваги деген, Киси-Миси деген ойыншықтар шыққан еді. Балам сол кезде басқа балалардан көріп, жылап алдыртқан болатын. Енді балам жылағасын алып бердім. Бірақ өзім негізі қарсы болар едім ондай ойыншыққа. Себебі, ешқандай тәрбиелік мәні жоқ. Ешқандай пайдасы да жоқ. Түрі шынымен де ешбір жануарға ұқсамайтын бір қызық ойыншық. Алматы қаласының тұрғыны Сәния Исатаева
Хаги-Ваги мен Киси-Миси ютуб желісіндегі аталмыш роликтер пен компьютерлік ойынның кейіпкерлері. Ойын шартына сәйкес, басты кейіпкер Хаги ойыншыға шабуыл жасайтын құбыжық. Түрі ұсқынсыз. Тістері ырсиып, денесін түк басқан. Балалардың бұл ойыншыққа әуестенгені психологтарды қатты алаңдатып отыр.
Мұндай қорқынышты немесе депрессивті ойыншықтар баланың психикасына жағымсыз тұрғыдан кері әсер етеді. Өйткені баланың жалпы психикасы қалыптаспағандықтан жақсыжаман, шынайы-өтірік әлемді толық ажырата алмағандықтан және олармен көп уақыт өткізгендіктен міндетті түрде ондай нәрседен әсерленеді. Психолог Ержан Мырзабаев
Ондай балаларда қоршаған ортаға деген қызығушылық болмайды. Достарымен ойнағысы келмейді. Өзіне деген сенімділікті жоғалтады. Сондай-ақ мамандар кей балалар бұл ойыншықты өзінің қорқынышын басу үшін сатып алады дейді.
Бұндай ойыншықтар балаға әрдайым қорқынышты нәрселер болуы мүмкін. Депрессивті нәрселер болуы мүмкін соларға қарап, солардың мимикаларын, солардың эмоцияларын қайталау. Яғни айна ретінде кері көрсету. Зеркальный деп аталады. Сондай нәрселерге баруы мүмкін. Көп жағдайларда қабағы түйіліп жүру сол ойыншықтардың әсерінен әбден болуы мүмкін. Психолог Ержан Мырзабаев
Ең алдымен психологтар баланың үйде қандай мультфильм көретініне баса назар аудару керек дейді. Сондай-ақ көңіл-күйді көтеріп, дамуына пайдасы тиетін ойыншықтарды ғана әперген абзал екенін айтады.