“Үйде кішкентай қызың күтіп отыр”: полицей суицидтен ер адамды құтқарып алды

15 қазан сағат 17.30 шамасында Павлодар қаласының полициясына Генерал Дүйсенов, 1 көшесінде орналасқан электр мұнарасында ер адам суицид жасамақшы деген хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Көрсетілген мекенжайға дереу полиция қызметкерлері жіберілді. Оқиға орнына бірінші болып патрульдік полиция батальоны келді. Лейтенант Олжас Тілеубергенов мұнараға көтеріліп (шамамен 10 қабатты үй), ер адаммен сөйлесе бастады. 1984 жылы туған павлодарлық есірткілік масаю жағдайында болғаны, жұбайын қызғанғаннан өз-өзіне қол жұмсау туралы шешім қабылдағаны анықталды, – деді Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметі бастығы орынбасарының міндетін атқарушы Азамат Күркебаев.

Полиция қызметкерімен біршама әңгімелескеннен кейін ер адам төменге түсті. Кейін ол психиатриялық топтың қызметкерлеріне тапсырылып, психиатриялық емханаға жатқызылды, деп жазады Polisia.kz.

Ер адамды құтқару сәті полицейдің бейнежетонына түсіп қалды.

Уақыт өте тығыз болды. Төменде көмек сұрап тұрған ер адамның жұбайы мен басқа да адамдар болды. Көтерілгеннен кейін мен бірінші кезекте ер адамға қолымды создым. Онымен танысып, қолымды жібермей, мықтап ұстап тұрдым. Кейін ол менімен әңгімелесе бастады. Мен оның сеніміне кіру үшін менің де отбасым бар екенін, олар мені оны сияқты үйде күтіп отырғанын айттым. Ер адам көзіне жас алып, болған жағдайды және үйде 3 жастағы қызы бар екенін айта бастады. Онымен сөйлескеннен кейін біз бірге төменге түстік. Менің міндетім – ер адамды құтқару, кішкентай қызды әкесіз қалдырмау болды, – деді Павлодар қаласының патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Олжас Тілеубергенов.

Айта кетейік, бұған дейін біз Олжас Тілеубергенов туралы жазып едік. Ол қыркүйек айында 8 жастағы қызды тонап кеткен ер адамды демалыс күні ұстаған еді.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: