Ақорданың баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Ресей президенті Владимир Путин Мемлекет басшысын және Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтап, бейбітшілік және бақ-береке тіледі.
Қазақстан экономикалық, әлеуметтік, ғылыми-техникалық және басқа да салаларда таңғаларлық нәтижелерге қол жеткізді, халықаралық істерде маңызды рөл ойнайды. Мемлекеттеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік және одақтастық қарым-қатынастар табысты дамып келеді, – делінген жеделхатта.
Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин жеделхатында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру жолындағы реформаға белсене кіріскенін атап өтіп, қыркүйек айындағы Қазақстанға мемлекеттік сапары мазмұнды әрі жемісті болғанын жеткізді.
Екіжақты қарым-қатынастың дамуына назар аудара отырып, мен Сізбен бірге Қытай және Қазақстан арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамытуға әзірмін, – деп жазылған жеделхатта.
Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Мемлекет басшысын ұлттық мерекемізбен құттықтай келе, достас әрі бауырлас Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш мойындаған ел ретінде Түркия өткен 30 жыл ішінде Қазақстанның барлық салада қол жеткізген жетістіктеріне куә болып келе жатқанын айтқан.
Ортақ тіл, мәдениет және тарихи байланыстардан нәр алып, «Кеңейтілген стратегиялық серіктестік» деңгейіне жеткен қарым-қатынасымыз бен ынтымақтастығымызды екі елдің мүддесіне сай одан әрі дамытуға және тереңдетуге ниеттімі», – деп жазылған жеделхатта.
Франция президенті Эммануэль Макрон екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толған осынау айрықша кезеңде екіжақты диалогтың қарқынды дамып келе жатқанына қуанышты екені жазылған.
Біз Сіз жүргізіп жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды айрықша қызығушылықпен бақылап отырамыз, Франция олардың жүзеге асырылуын әрқашан қолдауға әзір екеніне сенім білдіргім келеді, – деп жазылған жеделхатта.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон жеделхатында өзара сыйластық пен сенімнің берік тарихи дәстүріне негізделген қазақ-тәжік қарым-қатынасы жан-жақты дамып келе жатқанына ризашылығын білдірген.
Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов пен Түрікменстанның Милли Генгеші Халқ Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов құттықтау жеделхаттарында түрікмен-қазақ стратегиялық серіктестігі екі ел халқының игілігі үшін қарқынды дами беретініне сенім білдірді.
Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қазақстан халқын және Қасым-Жомарт Тоқаевты Республика күнімен құттықтады.
Осынау айрықша күні Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанның барша азаматы сын-қатерге төтеп беріп, Тұрақты даму мақсаттарына жету жолындағы прогресті жеделдетініне және әлемнің барлық халқының игілігі үшін әділетті әрі бейбіт әлемді құрудан тыс қалмайтынына сенім білдіреді, – деп атап өтті БҰҰ Бас хатшысы.
Сонымен қатар Иран Ислам Республикасының президенті Ибрахим Раиси, Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсух, Австрия президенті Александр Ван дер Беллен, Хорватия президенті Зоран Миланович, Португалия президенті Марселу Ребелу де Соуза, Сербия президенті Александр Вучич, Сингапур президенті Халима Якоб, ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы – атқарушы хатшысы Сергей Лебедев, Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Хиссейн Брахим Таха өздерінің құттықтау жеделхаттарын жолдаған.
Құттықтау жеделхаттары әлі де келіп жатыр.