Медициналық көмекке барлығы 21 адам жүгінген (бұған дейін 19 адам зардап шеккен болатын).
Ведомствоның мәліметінше, оқиға орнына 9 жедел жәрдем көлігі барған.
Бүгінгі таңда апат салдарынан 9 адам қалалық ауруханаларға жатқызылды, барлығының жағдайы орташа, тұрақты. 6 зардап шеккен №4 қалалық клиникалық ауруханаға жедел жәрдем көлігімен жеткізілді, олардың барлығы ауруханаға жатқызылды, – деп хабарлады қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.
Орталық қалалық клиникалық ауруханаға да жеті адам түскен. Қажетті көмек көрсетілгеннен кейін олар амбулаторлық емделуге жіберілді.
Жеті адам Алматы қаласының Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына түсті, екеуі ауруханаға жатқызылды, бес адам амбулаторлық емдеуге жіберілді.
Зардап шеккендердің арасында 2013 жылы туған бала да бар. Ол Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығына жатқызылды.
Бір жәбірленуші жедел жәрдем келгенше қайтыс болды.
8 қарашада Алматыда Төле би мен Абылай хан көшелерінің қиылысында екі жолаушы автобусы соқтығысты.
«Алматыэлектротранс» компаниясы тергеу барысында апатқа компанияның кінәсі бар екені анықталса, зардап шеккендерге барлық көмек көрсетілетінін хабарлады.